Жас өнерпаздар Мәскеуде халықаралық байқауға қатысуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жас өнерпаздар Мәскеуде халықаралық байқауға қатысуда

26.06.2014
Жас өнерпаздар Мәскеуде халықаралық байқауға қатысуда
Мәскеу қаласында жасөспірімдердің Чайковский атындағы 8-ші халықаралық байқауы басталды. Әлемдік деңгейде маңызы бар бұл сайысқа Қазақстанның Халық әртісі Айман Мұсақожаева қазылық етеді. Айтулы шарада Қазақ Ұлттық өнер университетінің музыканттары да өнер көрсетті.
 
Халықаралық байқаудың ашылу салтанатына Қазақ Ұлттық өнер университетінің 70-ке тарта музыканты қатысты. Кеш барысында балалардың «Айгөлек» атты скрипкашылар ансамблінен бөлек, Еуразиялық симфониялық оркестр де арнайы шақыртумен келіп, өнер көрсетті. 
 
Айман Мұсақожаева, Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры:
Еуразиялық одақ құрылып, біздің де мәдениет өркендей береді ғой. Қазақстан, Ресей және Беларусь бірігіп, Еуразиялық симфониялық оркестр құрғанбыз, енді Ресейден де, Беларусь елінен де студенттер келсін дейміз. Әлемнің басқа елдеріне де шығып, концерт берейік.
 
Чайковский атындағы балалар байқауында, әлемнің 18 елінен келген 130 музыкант бағын сынайды. Қазақ елі болса, өзінің 3 үміткерін үкілеп отыр.  
 
Айя Ғаббасова, байқауға қатысушы:
Осы байқауға қатысу үшін 3 ай бойы дайындалдым. Жалпы, біздің бағдарламамызда Бах, Моцарттың туындылары бар. Кішкене қобалжып тұрмын. Бірақ ел намысын қорғауға тырысамын.
 
Ақбике Алғи, байқауға қатысушы:
Халықаралық байқау біз үшін өте қажет. Біз бұл байқауға күніне 6-7 сағат бойы, тіпті түні бойы дайындалдық.
 
1992 жылдан бері өтетін байқау, биыл біз үшін ерекше. Себебі, бұл жолғы қазылар алқасының төрағасы - Айман Мұсақожаева. «Әлем әртісі» атанған жерлесіміз, мәскеулік тыңдармандардың сүйікті музыканты.
 
Алла Назаренко, Мәскеу қаласының тұрғыны:
Мен бүгін музыканы сонша беріле ойнаған өнерпазды бірінші рет көрдім. Жолдасымыз екеуміз керемет әсер алып шықтық. Мұндай өнерпаздардың орындауын тіпті таң атқанша тыңдауға дайынбыз.
 
Халықаралық сайыс 3 шілде күні аяқталып, жеңімпаздардың есімі белгілі болады.
 
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу