Қаңтар оқиғасы кезінде баласынан айырылған ана: Кінәлілер жазаланбайынша, тыным таппаймын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы кезінде баласынан айырылған ана: Кінәлілер жазаланбайынша, тыным таппаймын

15.02.2022

Қаңтар оқиғасы кезінде бауыр еті баласынан айырылған Гаухар Кәрімбекова кінәлілердің әділ жазалануын талап етіп отыр. Қайғы жұтқан ана небәрі 12 жастағы ұлы Сұлтанға абайсызда оқ тиді дегенге сенбейді. Сондықтан тергеу жан-жақты жүргізіліп, жасөспірімге оқ атқандар ауыр жазаға тартылуы тиіс дейді. Толығырақ келесі материалда.

Бұл 5 қаңтар күні оққа ұшқан 12 жастағы Сұлтан Қылышбектің соңғы видеосы. Анасының сөзінше, сол күні Семейдегі қайтыс болған туысының қырқына бару үшін көшеге банкомат іздеп шыққан. Қасында Сұлтаннан бөлек інісі мен келіні болыпты. Шеру болып жатқанын естіген. Бірақ оқ атылады деп ойламаған.
Гаухар Кәрімбекова, С. Қылышбектің анасы:
Менде қайттық деп бұрылып қарап едім. Соткасын шығарып төбені соткаға түсіріп жатыр екен. Содан кейін шын атылып жатқанын түсінді ғой деймін. Телефонын өшіріп бұрылайын дегенде құлайды бала. Мен бірінші шалынып құлады ма деп ойлап едім. Басынан қан кеткенде бірақ білдім. Одан ары қарай мен білмейді екенмін. 
Оқиға кешкі сағат сегіз жарымда Өтеген батыр көшесінің бойында болған. Гаухар баласына оқ байқаусызда тиді дегенге сенгісі келмейді. Ұялы телефонға түсіріп жатыр деп ойлап, әдейі атқан деп есептейді. Сондықтан кінәлілер анықталып, лайықты жазасын алса дейді, шарасыз күйге түскен ана.
Гаухар Кәрімбекова, С. Қылышбектің анасы:
 Митинг болып, көп адам жиналып ондай болған жоқ. Не үшін атты? Атқан адам кім? Қырық күннен асты. Қырқын бердік біз 12-і күні.  Ешкім ешнәрсе айтпайды. Сонда былай қарасаңыз бала атылады. Өледі. Бір зат лақтырған сияқты болып тұрмын ғой мен. Былай қарасаңыз ше? 
Оқуда озат Сұлтанды сыныптастары мен ұстаздары да жақсы көрді. Әсіресе, алғыр оқушы математикаға бейім болатын. Анасының айтуынша, көпбалалы отбасында тәрбиеленген Сұлтан өмірге құштар еді. Кәсіби футболшы болуды армандапты. Перзентінен қапияда айырылған Гаухар кінәлілер жазаланбайынша, тыным таппаймын деп отыр.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу