Қаңтар оқиғасына қатысты 3024 қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасына қатысты 3024 қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр

14.02.2022

Қаңтар оқиғасына қатысты 3024 қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Ақордада Президент төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында осындай статистикалар айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бірінші кезектегі міндет екенін атап өтті.

Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің мәліметінше, ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен террорлық актілер бойынша 177 істі қарап жатыр. 779 адам қамауда отыр. Олардың арасында ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі бар. 113 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонаушылық әрекеттері үшін бұрын сотталған. Ұсталғандардың тұлғалары анықталған соң, сондай-ақ денсаулық жағдайларына байланысты және басқа да материалдар бойынша 109 азаматтың қамауға алу жазасы жеңілдеп, кетіп қалмау жөніндегі қолхатпен босатылды.

Прокурорлар азаматтардың тәртіпсіздікке қатысы бар екені дәлелденбегенін негізге ала отырып, тағы да 103 адамды босатқан. Ұсталғандарды азаптау туралы әрбір хабарлама жіті тексеріледі. Жалпы прокуратураға ұсталғандар тарапынан 305 шағым түскен. Құқық бұзушылыққа қатысты 62 шағым расталмады. Азаптау және билігін асыра пайдалану дерегі бойынша 170 қылмыстық іс қозғалды. Бас прокурор әрбір іс егжей-тегжейлі тексерілетінін айтты. Кеңес қорытындысы бойынша Президент Қаңтар оқиғасы бойынша мұқият және шынайы тексеру жүргізу, ұсталған азаматтардың құқықтарын қорғау, тексеру барысы туралы халыққа уақтылы ақпарат беру жөнінде мемлекеттік органдарға тапсырма берді.


Хабарламаларға жазылу