Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл кеңесін өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл кеңесін өткізді

13.02.2022

Ал кеше кешкісін Ақордада Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл кеңесі өтті деп хабарлады Ақ Орда сайты. Хабарламада былай жазылған:

Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов «қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарының барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта 3024 қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен террорлық актілер бойынша 177 істі қарап жатыр. Прокуратура органдарының мәліметі бойынша 779 адам қамауда отыр. Олардың арасында ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі бар. 113 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонаушылық және қарақшылық әрекеттері үшін бұрын сотталған. Ұсталғандардың тұлғалары анықталған соң, сондай-ақ денсаулық жағдайларына байланысты және басқа да материалдар бойынша 109 азаматтың қамауға алу жазасы кетіп қалмау жөніндегі қолхатпен және жеке кепілдік берумен алмастырылған. Прокурорлар азаматтардың тәртіпсіздікке қатысы бар екені дәлелденбегенін негізге ала отырып, тағы да 103 адамды босатқан. Ал азаптау және билігін асыра пайдалану дерегі бойынша 170 қылмыстық іс қозғалды.

Президент кеңесті қорытындылай келе, қаңтар оқиғасы бойынша мұқият және шынайы тексеру жүргізу, ұсталған азаматтардың құқықтарын қорғау, тексеру барысы туралы халыққа уақтылы ақпарат беру жөнінде мемлекеттік органдарға тапсырма берген.


Хабарламаларға жазылу