Ресейлік радио Нұрсұлтан Назарбаев туралы радиохабар әзірледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейлік радио Нұрсұлтан Назарбаев туралы радиохабар әзірледі

24.06.2014
Ресейлік радио Нұрсұлтан Назарбаев туралы радиохабар әзірледі
Өткен жылдың соңында Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосының эфиріне шыққан Қазақстан Президенті туралы радиохабардың орысша нұсқасы енді Ресейдің бірінші мемлекеттік радиосы арқылы берілетін болды.
 
Көрші елдің халқы бұл жобаны бір ай бойы тыңдайтын болады.
 
Бұл - Қазақ Президенті туралы радиохабардан үзінді. Ресейдің бірінші мемлекеттік радиосы  Махмұд Қасымбековтің «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты кітабының аудионұсқасын дайындап жатыр.
 
Мәтінді оқыған - Кеңес одағының Халық әртісі Василий Лановой.
 
Максим Осипов, «Ресей Радиосы» федералды мемлекеттік радиостанциясының  бастығы:
Қақтығысқа жол бермей, елді қиын кезеңнен алып шыққан посткеңестік кеңістіктегі бірден-бір, тіпті жалғыз басшы Нұрсұлтан Назарбаев дер едім. Ол сан түрлі ұлттан құралған қоғамды біртұтас елге айналдырды, барлығының басын біріктірді. Айналасындағы көршілерімен келісімге келіп, тұрақты даму арқылы Қазақ елін халықаралық аренаға алып шықты. Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше қасиеті – ол кез келген жағдайда, кез келген адаммен келісе алады. Сондықтан, осындай бірегей тұлғаның біз білмейтін қырын көпшілікке таныстыруды мақсат етіп отырмыз.
 
Радиокомпозиция 25 бөлімнен тұрады. Қазір хабардың монтажы аяқталуға жақын.
 
«Қазақстан»РТРК» АҚ мен «Ресейдің Радиосы» бірлесіп қолға алған жоба 30-шы маусымнан бастап, эфирге шығады.
 
Максим Осипов, «Ресей Радиосы» федералды мемлекеттік радиостанциясының қызмет бастығы:
Қазақстан Президенті - посткеңестік кеңістіктегі ерекше тұлға. Сондықтан, бұл жобаның тыңдармандарға қызық болары сөзсіз. Әрбір хабар 14 минуттан тұрады. Біз Қазақстан басшысының жастық кезеңінен бастап, бүкіл өмірлік жолын көрсетуге тырыстық. Яғни, ресейліктер Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянымен толықтай таныса алады.
 
«Ресейдің Радиосы» бізден өзге бірде-бір елдің басшысы туралы мұндай хабар дайындаған жоқ. Ал, Қазақстан
Президенті туралы 2010 және 2012  жылдары 2 бірдей радиоцикл әзірленген.
 
Яғни, бұл -  үшінші жоба. Себебі, ресейлік тыңдарманның Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасына деген ықыласы ерекше.
 
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу