Ұлттық арнаның Алматыдағы ғимаратында «Құқықтық таным» акциясы өтті. Шараны әр аптада дүйсенбі күні тікелей эфирге шығатын «Заң және біз» бағдарламасы ұйымдастырып отыр.
Жобаның тұрақты заңгерлері күні бойы көрермендерге тегін кеңес беріп, заңдық сауаттылықты көтеруге атсалысты.
Айта кеткен жөн, көпшіліктің көкейіндегі құқықтық сауалдарға жауап беріп, түйткілді мәселелерді шешуге септігін тигізуді көздеген бағдарлама осыдан 9 ай бұрын ашылған.
40-тан аса бағдарлама эфирге шығып, 200-ден аса хат пен 300-ге тарта көрермен тікелей эфирге қоңырау шалды.
Халықтың құқықтық сауатсыздығынан көптеген мәселе туындап жатады.
Хабар аясында көпбалалы аналар, мүгедек жандар, неке және отбасы, еңбек құқығы, несие алу мен оны қайтару құқығы қаралды.
Шолпан Бостанқызы, «Заң және біз» бағдарламасының тұрақты заңгері:
«Заң және біз» хабарына жолданған хаттардың саны - 38. Барлығына да кеңес берілді. 16-ы сотқа жүгініп, құқықтарын қорғауға амалдар жасалды. Бізге келген хаттар бойынша жекелеген азаматтарға барлық салада кеңес береміз. Жер мәселесі бойынша келетіндер көп.
Ақмарал Сіргебаева, Алматы облысының тұрғыны:
Бұл бағдарламаны қолдаймын. Халыққа көмегі өте көп, керек бағдарлама. Себебі, өз құқығын айта алмайтын, жеткізе алмайтын, қорғай алмайтын азаматтар мен азаматшалар бар. Баратын мекемені білмейтіндер де бар. Телеарнадан көргенен кейін көздері ашылады. Міне, жер дауымен екі жыл болды, жүргеніме бірақ, жеңіске жетемін.
Жазира ИСАЕВА