Бүгін алаш жұрты тұтас бір дәуірдің куәгері, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовті мәңгілік мекеніне шығарып салды. Қазақтың абыз ақсақалы өр мінезімен, нағыз қазаққа тән биік болмысымен көпке өнеге бола білді. Бейжіңде жұмыс сапарымен жүрген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қаламгердің қазасын зор күйзеліспен қабылдап, біртуар тұлғаның жақындарына көңіл айтты.
Ғасыр жасаған әдебиет абызы - қазақтың басынан кешкен тамұқ тағдырын, ауыр заманын оқырманның көз алдына әкелген шебер суреткер. Бүгін қаламгермен қоштасуға еліміздің әр қиырынан жүздеген адам жиналды. Қаралы жиында Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
Қаралы хабарды Мемлекет басшысы Бейжіңдегі сапары кезінде терең күйзеліспен қабылдаған болатын. Бізге Әбдіжәміл ағамызды ақтық сапарға шығарып салу жөнінде тапсырма беріп, арнайы Алматыға жіберді. Енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып беруге рұқсат етіңіздер. Әбдіжәміл Кәрімұлының жаңа белесті бағындырған қазақ әдебиетін шетелге танытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол ұлт руханиятының көшбасшысы болды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Әбең тағы да мәңгілікке аттанып бара жатып қазақтың бірлігіне жұмыстанып жатыр. Мүмкін бұл Әбеңнің, абыз ақсақалымыздың, халқына ең соңғы аманаты шығар. Біз сол абыз ақсақалымыздың аманатына берік болып, ауызбіршілігімізді сақтап, әрқашан осы ынтымағымызды арттырайық.
Қырымбек Көшербаев, мемлекет және қоғам қайраткері:
Тағдыры оңай болған жоқ. Бұғанасы бекімей жатып қолына қару ұстап майданға аттанды. Қан қасаптан аман келіп, төл әдебиетіміздің алыбына айналды. Әбе 95 жасқа толған кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға арнайы келіп, «енді ғасырлық мерейтойыңызда кездесейік» деген тілекпен бірге Еңбек Ерінің «Алтын жұлдызын» төсіне тағып еді. Амал не, Алланың әміріне қарсы шығу мүмкін емес.
Заңғар жазушының «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» кітабы сыншылар мен оқырмандар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Заман жүгін арқалаған тың туындылары әлемнің көптеген тіліне аударылды.
Дулат Исабеков, жазушы:
«Қан мен терді» қолына ұстамаған, оқымаған қазақты адам жоқ. Шетелдерге барған «Әбдіжәміл не жазып жатыр?» дегенде көңілің көкке жететіндей. Біздің қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейткен, қазақ әдебиеті дегенді әлемге танытқан ол біздің қырсық мінезді Әбекең.
Бұл кемеңгер жазушының шығармашылықтағы шеберлігі болса, қоғамды ауызбіршілікке шақырып, тарихи оқиғалардың басы-қасында жүруі бір төбе.
Құдайберген Саржанов, мемлекет қайраткері:
Әбекеңнің 100 жылдығында Арал теңізінің жанынан, таудың басына мемориал жақсылап салынып, сол 100 жылдығы аталып өтсе мінекей, Әбекеңнің аты өшпеді деген осы.
Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақтың күйін күйттеп, қаламымен де, қайсар мінезімен де ел қамы үшін аянбай тер төкті. Бүгін дүйім жұрт Алматының ақұлпа қарымен бірге абызын ақтық сапарға шығарып салып, соңғы парызын өтеді...
Қуан Нұрақын