Қостанай облысындағы Ахмет ауылының бүгінгі тіршілігі қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысындағы Ахмет ауылының бүгінгі тіршілігі қандай?

06.02.2022

«Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі». Биыл 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланатын, қазақ тілінің ғылыми теориясын жасаған, бар ғұмыры мен білімін ұлтқа қалтқысыз қызмет етуге арнаған Ахмет Байтұрсынұлының сөзі. Ұлт ұстазы дүниеге келген ауыл Қостанай облысының ең шалғай нүктесі. Облыс орталығынан 700 шақырым, аудан орталығынан 120 шақырым қашықта. Соның 107 шақырымына ешқашан асфальт төселмеген.

Жердің шалғайлығы, жолдың жоқтығы қанша қиындық тудырса да жергілікті жұрттың басым бөлігі киелі мекеннің шырақшысындай боп, атажұрттан табан аудармай отыр. Дәуренбек Әбдібектің репортажын көрейік, сосын айтатын тағы бір-ауыз сөз бар.

Әуелі «Ахмет. Ұлт ұстазы» телефильмнен үзінді:

Ұлт ұстазының ауылына апаратын жол жоқтығына, дүниеге келген үйінің қаусап тұрғанына жылағың келеді. Сол жерде тұратын Әбсалық ақсақал да сөйдепті. Ақсақал, біз де наразымыз. Шенеуніктер Ахмет Байтұрсынұлының кім екенін түсінбейді.

Әйтпесе жол, үй Ахметтерге керек емес. Ұрпаққа керек. Тәу еткісі келетін ұрпаққа керек. Ал Ахметтердің әлеміне бойламағандар елге қызмет қылып жүрмін деп ойламай-ақ қойсын. Елге қызмет қылу – ми мен жүрек яки бүкіл болмыс осы ел өркен жайсын, осы жер көктесін деген қақырамайтын қағидаға сүйенсе ғана іске асады. Ахметтердікіндей болмыс. 

 Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Ахмет ауылы. Ұлы Ахаң дүниеге келген атажұрты осы. Кезінде кеңестік шаруашылықтың орталығы болған. Кейін елге нарық кіріп, шаруашылық ыдырап, адам саны азайғанымен, көпшілік бұл жерден көшкен жоқ. Қазір мұнда 80-нен астам отбасы бар, адам саны 500-ден асады.

Жергілікті жұрт негізінен мал бағып күнелтеді. Құрғақшылықтың кесірінен жақын маңға ораққа ілігер шөп шықпай, шабындықтың алыстағаны болмаса, төрт түліктің тұяғы жеткен жердің бәрі жайылым. Яғни малға жайлы. Алайда елдің бұл жерден табан аудармауының басты себебі, жеті атасынан бері қоныстанған атажұрт, киелі мекені.

Әбсалық Жақсымбеков, Ахмет ауылының тұрғыны:

Бұл - Ахметтің туған жері. Сондықтан біз бұл жерден көшпейміз. Тірлік жасаймыз қалайда. Кімге де болса атамекені ыстық қой. Малмен күн көреміз.

Ахмет ауылымен арасы 9 шақырымдай болатын көршілес Ақкөлдегі жағдай да осындай. Тұрғындар саны шамалас, күрмеулі мәселелері де ортақ. Екі ауылға да қатты қиындық тудырып отырған сапалы жолдың жоқтығы.

Өмірбек Құдабаев, Ақкөл ауылының тұрғыны:

Жол нашар. Әсіресе көктем, күзде жүре алмаймыз.

Төлеу Ахметов, Ахмет ауылының тұрғыны:

Өзім биыл 55-темін. Біз, біздің әкелеріміз өмір бойы көрді осы жолдың азабын. Енді баларымыз көрмесе дейміз.

Қыста қар астында жатқан соқпақтың ой-шұқыры әрине көрінбейді. Ал жаздағы жағдай осындай. Ми батпаққа малтығып жолда қалу бұл жақта үйреншікті жайт. Асфальтсыз 100 шақырымды артқа тастап ауылға тақағанда тұрғындар тағы бір кедергіге тап болатын. Көктемде іргедегі Жыланшық өзені өткел бермейді. Қатерге бас тігіп, қолдан уақытша көпір жасап амалдауға тура келетін.

Былтыр 400 млн теңгенің сыртында қаржы бөлініп осы Жыланшық өзенінің үстінен көпір салынды. Ал биыл 450 млн теңгеге 107 шақырымның 11 жарым шақырымына асфальт төселмек. Бірақ мұндай қарқынмен жолдың жуық арада толық салынып бітуі неғайбыл. Ахмет ауылына жуырда сапарлап барған облыс әкіміне жұртшылық осы базынасын жеткізді. Жауабын естіді.

Кәдіржан Бөрібайұлы, Ақкөл ауылының тұрғыны:

Тағы 21 шақырым қосатын болды 11-ден бері қарай. Бұл үлкен көмек. Солай бірте-бірте салатын шығар. Сосын 2-3 жылдың көлемінде аяқтаймыз реті келсе деді.

Сөйтіп әкім уәде берді, жұрт оған сенді. Жалпы Архимед Мұхамбетовтің ұлт ұстазы туған ауылға Қостанай облысына әкім боп тағайындалған 7 жыл ішінде алғаш келуі. Кездесу барысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын атап өтуге байланысты тұрғындардың ұсыныс тілектерін тыңдады.

Архимед Мұхамбетов, oблыс әкімі:

Бүгінгі біздің келгеніміз тек той өткізу емес, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Сарытүбектегі Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген үй осы. Оны 2009 жылы ауыл тұрғындары өз бастамалырмен ешқандай құжатсыз қалпына келтірген. Алайда өздеріңіз көріп тұрғандай оның қазіргі көрінісі еш сын көтермейді. Сондықтан биыл мемлекеттен 20 млн теңгенің сыртында қаржы бөлініп бұл үйдің орнына еңселі жаңа нысан бой көтермек.

Ахаңның туған үйі екі ауылдың ортасындағы Байтұрсын әулетінің Сарытүбектегі ескі қыстауының орнында тұр. Одан 1 шақырымдай жерде әкесі Байтұрсын мен ағасы Қалидың зираты бар. Бұл кесенелерді Ахаң 1926 жыл соңғы рет елге келгенде ағайын туысты жұмылдырып, саманнан құйып салдырған деседі. Жұпыны кейіптегі жатаған ғана ұлт ұстазының туған үйіне облыс әкімі де бас сұқты. Мерейтойға дейін ішін сол Ахаң дүниеге келген замандағы тұрмысқа сай безендіріп, елге ұялмай көрсететіндей кейіпке келтіру керек.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

Концепциясын бекітіп, үйдің көлемі қандай болады, қандай жәдігерлер, қандай мазмұндағы материалдар болатынын анықтап құрлысты бастау керек. 5 қыркүйекке дейін аяқтау керек.

Ұзақ жыл өркениет жетістігінен ада күн кешкен екі ауылға екі жыл бұрын ұялы байланыс орнатылған. Алайда сапасы сын көтермейді. Интернет жылдамдығы өте төмен. Тіпті жоққа тән.

Төлеу Ахметов, Ахмет ауылының тұрғыны:

Қазір мал өткізсең де құжат сұрайды. Интернеттің жоқтығынан сол бір құжат алу үшін 120 шақырым жердегі ауданға барамыз.

Аудан басшылары байланыс операторларына талшықты оптикалық желі тарту туралы тапсырыс бердік деп отыр. Бірақ істей ме, жоқ па, белгісіз. Екі ауыл тұрғындарының әзірге игілігін көріп отырған дүниесі - былтыр тартылған орталық су желісі.

Күләнда Есмағанбетова, Ахмет ауылының тұрғыны:

Бұрын қыста мұз әкеліп ерітіп пайдаланушы едік. Ол еріп болғанша қаншама уақыт кетеді. Қазір міне рахат. Кез келген уақытта ағызып ала қоясың.

Бар ғұмырын «жұрт қамы жұрт ісіне» арнаған ұлт ұстазының кіндік қаны тамған атажұртының қазіргі кейпі осындай. Дегенмен қандай қиын кезеңде де киелі қонысты қаңыратып тастап кетпей, ұйысып отырған елдің келешектен үміті бар. Ауылға дейін тақтайдай тегіс жол салынса, Ахаң туған өлкенің өркендеп, көркейетініне сенеді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу