Балалар қандай талап бойынша тегін ұша алады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балалар қандай талап бойынша тегін ұша алады?

03.02.2022

17 жасқа толмаған балалар ел ішінде тегін ұша алады. Балғындар мен жасөспірімдерге енді осындай жеңілдік жасалмақ. Билет құнын толықтай мемлекет өтеп береді. Тиісті заң 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Бұл жеңілдік туристік орталықтардан жолдама алғандарға қарастырылған. Ескеретін жайт, ел ішінде қыдырғандар, жеке шаруамен сапарлаған жолаушылар немесе шетелге шыққан балғындар жеңілдік санатына кірмейді. Тек саяхатшы балғындар ғана тегін ұша алады.
Яғни туристік операторлардан демалыс аймақтарына жолдама алғандардың ғана билеті төленеді. Бастама әсіресе көпбалалы отбасыларға тиімді болмақ.

Бастама – қазақстандық отбасылардың бірлігін арттыра отырып, қолдау жасауға әрі ішкі туризмді дамытуға бағытталған. Бірнеше жыл талқыланған заң жобасының биыл нүктесі қойылды.
Нұрбол Байжанов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы:
Ең бастысы кәмелетке толмаған болу керек. 5 бала болсын, екі бала болсын бір бала болсын шектеу жоқ. Барлық Қазақстан аумағы кіреді. Кәмелетке толмаған жолаушы атан-анасымен немесе жақындарымен болу керек.
Қазақстандықтар қай бағытқа ұшса да шектеу жоқ. Туристік аймақтың да кез келгенін таңдауға болады. Жеңілдікке ие болу үшін тұрғындар туристік операторларға жүгінсе жеткілікті.

Әсем Қозыбағарова, туристік компания директоры:
Отбасы бізге келеді. Турпакетті таңдайды. Біз тиімдісін ұсынамыз. Сол жолдаманың ішінде баланың билет құнын бірден алып тастаймыз. Яғни олар турпакетті бірден жеңілдікпен сатып алады. Келісім жасалады. Сауалнама толтырады. Бар болғаны сол. Біз бұл бастаманы ұзақ күттік әрі өте қуандық.
Бұдан соң туроператорлар жолдаманы «Қазақтуризм» компаниясына жолдайды. Олар бала санына қарай, билет құнын төлеп береді. Бұйрық күшіне енгелі бір ай өтті. Әзірге жеңілдік бойынша жүгінгендер болмапты.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу