«СЭС» талаптары сақталмаса, мектеп директорлары айыппұлды өз қалтасынан төлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«СЭС» талаптары сақталмаса, мектеп директорлары айыппұлды өз қалтасынан төлейді

31.01.2022

Мектеп директорлары «СЭС» келсе сескенеді. Себебі, айдың-күннің аманында әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Ең қиыны, 230 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлды олар өз қалтасынан төлеу керек. Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандарының тексеру парағында 99 талап бар. Мектеп басшылары оның бәрін орындау мүмкін емес деп отыр. Осы тақырып бойынша тараптарды тілшіміз Берік Көшербай тыңдап қайтты.

«СЭС» келіп, айыппұл төлеген директордың бірі - Сырым Ботаханұлы. Ол Елордадағы 2-ші мектепті басқарады. Білім ғимараты 1966 жылы салынған. Тексерушілер бірінші ақауды информатика кабинетінен тапқан. Талап бойынша мұнда желдету және ауа баптау жүйесі болуы тиіс деген. Едендегі кейбір кафелдің шытынап кетуі де заң бұзушылық деп, айыппұл салған.

Сырым Ботаханұлы, Ғ.Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназия директоры:
Бұл музей емес, тұратын. Күнделікті мектепке 2 мыңға жуық бала кіріп шығады. Әрине, кафелдің шытынау мүмкіндіктері жоғары. Айыппұл жеке өзіме салынғаннан кейін өзім төледім.

Былтыр қыркүйек-қараша айында ел бойынша 260 мектеп директоры осылай әкімшілік жазаға тартылған. Тек Түркістан облысындағы 121 лауазымды тұлға жалпы сомасы 32 миллион теңге айыппұл төлепті. Олардың айтуынша, кейбір кемшіліктерді жоюға бас мұғалімнің шама-шарқы жетпейді.

Аятжан Ахметжанұлы, Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия директоры:
Мысалы 1200 балалық мектепте 3500 бала оқып жатса, СЭС-тің талабын орындау мүмкін емес. Ал сол талапты орындамағанына мектеп директоры кінәлі ме деген сұрақ мені мазалайды. Жоқ. Сол 3500 бала оқуға себепкер болған әкімдікке салсын айыппұлды. Неге мектеп салынбайды?

Аятжан Ахметжанұлы осы сұрақты әлеуметтік желіге де жазған. Оның пікірі қызу талқыланып, білім саласындағы басшыларды әділетсіз жазалауды доғару керек дегендер көп болды. Себебі, мектеп басшысы бірінші кезекте сапалы білім мен тәрбиеге жауап береді. Ал СЭС өкілдері болса, директордың жеке басына айыппұл салынатыны жөнінде әкімшілік кодексте жазылғанын алға тартады.

Айгүл Жұмағұлова, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлім басшысы бөлім басшысы:
Өйткені ол кісі сол мектептің басшысы және лауазымды тұлға ретінде жаңағы бұзушылықтарға жауапты. Ол біздің жұмысымыз.  Тексеру парағында 99 сұрақты ғана тексереміз. Одан артық немесе кем тексеруге біздің құқығымыз жоқ.

99 талаптың бірі орындалмаса, айыппұлды мектеп директоры төлеуге міндетті деген мәселеге пандемия басталғаннан бері тіпті қиындады. Онлайн оқудан офлайнға ауысып, бір сыныпта 25 бала отыру керек дегенде мектеп директорларының басы қатқан. Сыныпты екіге бөлсе, мұғалімнің жүктемесі артады. Оның үстіне оған екі есе көп ақша төлеу керек. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың пікірінше, санитарлық нормаларды қайта қараған жөн.

Жұлдыз Сүлейменова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:
1,5-2 жылға мектептің санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің тексерістегі ережелерді қайтадан қарастырып, ең негізгі деген 5 бағытты қалдыру. Бұл асхана қызметкерлерінің, мұғалімдердің, техникалық қызметкерлердің медициналық тексерістен өтуі, сонымен қатар мектептің жалпы сабақ беруге, баланың сыныпқа келіп білім алуына дайындығын қарастыру. Ал қалған ұсақ-түйекті, менің ойымша, оңтайландыру қажет.

Депутат осы мәселені жақында Парламентте көтермек. Оның ұсынысына қандай жауап болатыны белгісіз. Ал оған дейін мектеп басшысын өрескел бұзушылық үшін де, ұсақ-түйек кемшілік үшін де бірдей жаза күтіп тұр. Биыл айлық есептік көрсеткіш өзгерген соң айыппұл мөлшері 700 мың теңгеден асты. Бұл сома директордың шамамен 3 айлық жалақысы. Бірден төлеймін десе жұрттан қарызға ақша сұрайды немесе мұғалімдерден жинауға мәжбүр болады.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу