Сарыағаш ауданында ерекше құстардың бірнеше түрі өсіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарыағаш ауданында ерекше құстардың бірнеше түрі өсіріледі

31.01.2022

Түркістан облысында бізге таңсық Тауыс құсы өсіріледі. Сарыағаш ауданы Дербісек елді мекеніндегі шаруа қожалығында қырғауыл, кептер, түйеқұс, азияттық кекілік және қаз-үйректің бірнеше түрін кездестіруге болады. Жергілікті тұрғынның ерекше құстарды өсіруіне не себеп? Табыс көзі ме, әлде хобби ма? Тілшіміз тарқатсын

Рахманберді Өсербаевтың шаруашылығы Дербісек ауылының шетінде орналасқан. Бұл жер құдды бір зоопарк сияқты. Мұнда қанаттылардың бірнеше түрі бар. Ішіндегі ең ерекшесі - тауыстың үндістандық түрі. Шаруа Павлин өсіруді осыдан бірнеше жыл бұрын қызығушылықпен қолға алған. Бір жұп тауысты сатып алып, кейін санын 40-қа дейін жеткізіпті.

Бұған дейін Тауыс өңір үшін таңсық құс болып келді. Үй жағдайында оны ешкім өсіріп, көбейткен емес. Жергілікті шаруа қырғауылдың 7 түрін, тауықтың 5, үйректің 2 түрін өсіріп, кептер, түйеқұс, азияттық кекілік, қазы, күрке, бөдене де бағып отыр.

Осылайша шеттен әкелінген құстарды бағудың қыр-сырын әбден үйренген шаруа алдағы уақытта кәсібін кеңейтумен қатар, балық шаруашылығын дамытуды да жоспарлап отыр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу