Қазақстанда несие алғандардың саны 1,5 есеге өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда несие алғандардың саны 1,5 есеге өсті

28.01.2022

Қазақстанда соңғы 1 жылда несие алушылардың саны бір жарым есеге өскен. Олардың тең жартысы кепілсіз берілетін тұтынушылық несие. Қарыз алушылардың 18%-ы төлеу мерзімін 90 күннен асырып, қайтара алмай жүр. Осыған қарамастан, тұтынушылық несиенің көлемі 8,9 трлн теңгеге жеткен.

Гүлсара Пакиспаева кредитке белшесінен батқан. Бір басында үш несиесі бар. Тұңғышы мүгедек. Бес жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрады. Үш баламды асырау үшін амалсыздан банкке жүгіндім дейді. Күйеуінен ажырасып, өзі де жұмыссыз қалғанда, жағдайы одан сайын қиындаған.

Гүлсара Пакиспаева, қала тұрғыны:

Жұмыс істегенде кредитімді ұстап отырды. Кейін пандемия басталғаннан кейін үйде отыруға мәжбүр болдым. Неге десеңіз балаларым өсіп, сабаққа бара бастады. Анда-санда 10 мың теңге салып қоямын. Жалпы төлей алмай жүрмін.

Қазір Гүлсара сияқты несиесін төлей алмай жүргендердің саны бір миллион адамнан асады.

Ал еліміз бойынша 6 миллионнан аса адамның банк алдында берешегі бар. Олардың 48%-ы - тұтынушылық несие, 31% – ипотека, 10% – автонесие, 5% – кепілге алынған несие, ал, 3%-дан астамы кредиттік картаға тиесілі. Сондай-ақ бұл тізімге шағын онлайн займдар мен бөліп төлеу арқылы алынған тауарлар мен қызметтер де кіріп отыр.

«Бірінші несие бюросының» атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева кредит алушылар санының өсуіне бірнеше себеп бар дейді.

Әсем Нұрғалиева, «Бірінші несие бюросы» ЖШС атқарушы директоры:

Пандемиядан кейін табыссыз қалғандар кредитке жүгінді. Оған қоса онлайн оқуға, жұмысқа қажетті техникалар алды. Мәселен, компьютер, ноутбук, ұялы телефондар сияқты. Біздің жасаған сараптамамыз бойынша, соңғы бір жылда бөліп төлеуге алатын заттарға сұраныс артқан.

Қаржыгерлердің пікірінше, соңғы жылдары өсімге ақша алу былай тұрсын, күнделікті ішім-жемін кредитке алу қалыпты жағдайға айналған. Ал, онлайн несие беруші делдал компаниялар халықты, тіпті, тығырыққа тіреп жіберген.

Меруерт Махмутова, қаржыгер:

Тұтынушы кредиттер - ең қымбат кредиттер. Банктердің онлайн кредиттері 56% жоғары болмауы керек. Қазір онлайн қаржы беріп жатқан делдал компанияларда бар ғой. Олардың пайыздары одан да жоғары. Сондықтан ең қымбат қаржыны жағдайы төмен азаматтар алып жатыр.

Қазір күн тәртібіндегі мәселе - әр адамның кредит алуды, қаржы жұмсауды жетік меңгеруі. Сондай-ақ сарапшылар несие беруді заңнамалық тұрғыдан қатаңдату, шектеулер енгізу қажет деген пікірде. Әйтпесе, тұрмыс тауқыметінен қарызға батқан Гүлсара сияқты жандардың қатары артпаса, кемімейді. Әзірге оларға жеңілдік жасайтын ешбір заң тетігі жоқ.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу