Мұқтаждарға пәтер ақысының жартысын мемлекет төлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұқтаждарға пәтер ақысының жартысын мемлекет төлейді

27.01.2022

Аз қамтылған отбасыларға пәтерақысының жартысын мемлекет төлеп береді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі үй жалдағаны үшін төлем беру тетігін әзірледі. Ол қалай жүзеге аспақ? Пәтерақыға өтемақы алудан кімдер үмітті? Тілшіміз айтсын.

Әлеуметтік әлсіздерді қолдап, жұрттың табысын арттыру басым бағыттардың бірі. Сол үшін тапқан теңгесін пәтерақыға жұмсап күнелткен жандарды мемлекет жарылқағалы жатыр. Яғни үй жалдауға кеткен шығынға өтемақы төленеді. Ақша елу де елу қағидаты бойынша берілмек.
Бақытжан Қашақов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:
Жалданатын үйдің 50 пайызын үйге мұқтаж азаматтар, 50 пайызы республикалық бюджеттен. Республикалық болғанда, оның 40 пайызы республикалық. 10 пайызы жергілікті бюджеттен төленетін болады.
Бірақ мұндай көмек барлығына бірдей көрсетілмейді. Тек баспанаға мұқтаж ретінде үй кезегінде тұрған: көпбалалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған немесе толық емес жанұялар ғана жәрдемге үміт арта алады. Әрі отбасының табысы жан басына шаққанда 36 мың теңгеден аспауы керек.

Осы санатқа жататын елімізде 70 мың азамат бар. Олар пәтерақысының жартысын алу үшін алдымен үй қожайынымен келісім-шартқа отыруы керек. Онда ай сайынғы төлемнің соммасы көрсетілуі тиіс.

Төлем тағайындалады. Мерзімі 1 жыл. Егер осы уақытта үй кезегі келмеген болса, төлемді создыруға болады.
Досжан Маратұлы, тілші:
Үй жалдау үшін төлем тағайындаумен айналысатын оператор - Отбасы банкі. Әзірге олар ақшаның 50 пайызын алу үшін қайда қалай және қашан өтініш беру керектігін хабарлаған жоқ. Сондықтан асығыстық танытып, банкке жүгірудің қажеті жоқ. Құжат онлайн қабылдануы да мүмкін. Ал бағдарламаны іске асыруға жыл сайын 50 миллиард теңге бөлінбек.

Хабарламаларға жазылу