Нидерландыда карантиндік шектеулер жеңілдетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нидерландыда карантиндік шектеулер жеңілдетілді

26.01.2022

Нидерланд үкіметі карантиндік шектеулерді жеңілдетті. Бүгіннен бастап 1 айдан аса уақыт жабық тұрған мейрамхана, театр, кинотеатр, мұражайлар мен парктер қайта ашылды. Қоғамдық мекемелер таңғы сағат 5-тен кешкі 10-ға дейін жұмыс істейді. Спорттық шаралар да бұдан былай көрерменнің қатысуымен өтеді. Тұрғындар тамақтану орындарына, мәдени ошақтарға ковид сертификатпен ғана кіргізіледі. 13 жастан асқан азаматтардың барлығы медициналық бетперде тағуға міндетті.

Марк Рютте, Нидерландтың премьер-министрі:

Біз індеттің өршігеніне қарамастан тәуекелге бел буып, қоғамдық орындарды қайта ашып отырмыз. Әрі қарай да шектеулерді біртіндеп алып тастау үшін бәріміз сақтық шараларын естен шығармай, ережеге бағынуымыз керек. 3 аптадан кейін елдегі эпидахуалды саралап, тағы шешім қабылдаймыз.

Эрнст Койперс, Нидерландтың Денсаулық сақтау министрі:

Індеттің тез таралғаны сонша қазір елде жарты миллион адам карантинде отыр. Вирус жұқтырсаңыз, 7 күн оқшаулану міндет. Бірақ қатаң шектеулер адамның денсаулығына, қоғамға зиян келтіріп жатқанын ескеріп, біз де карантинді жеңілдетуге келісім бердік. Ғалымдардың, «омикрон жұқтырғандардың ауруханаға түсу ықтималдығы төмен» деген қорытындысы көңілімізге медеу болып тұр.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу