Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 4 ақпан күні Бейжіңде өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 4 ақпан күні Бейжіңде өтеді

23.01.2022

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Олимпиада және Паралимпиада ұлттық құрамаларының мүшелерімен кездесті. ХХІV қысқы Олимпиада 4 – 20 ақпан аралағында, паралимпиада 4-13 наурыз аралағында Бейжің қаласында өтеді.

– Алдағы Олимпиадада лайықты өнер көрсететіндеріңізге сенімдімін. Паралимпиадашылар үшін де маңызды сәт жақындады. Елімізде инклюзивті қоғамды дамыту жолында Паралимпиада ойындарының маңызы зор. Қазақстандық паралимпиадашылардың жеңістері – мақсатқа ұмтылудың, табандылық пен өз күшіне деген сенімнің үлгісі. Өкінішке қарай, біздің спортшылардың соңғы дайындық күндері қаңтардағы қайғылы оқиғалармен тұспа-тұс келді. Ең бастысы, ынтымақ пен бірліктің арқасында біздің халқымыз мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіретін лаңкестікке лайықты тойтарыс бере алды. Біз бүкіл ел болып ұлттық құрамаға жанкүйер болатын жарыс күндері де жалпыұлттық бірлігімізді көрсететінімізді білемін, – деді Мемлекет басшысы.
– Енді туыстарыңыз бен жақындарыңыздың ғана емес, миллиондаған қазақстандық жанкүйердің үмітін ақтау керек. Сіздердің жеңіске деген жігерлеріңіз – өскелең ұрпаққа үлгі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Олимпиада құрамасының капитаны Абзал Әжіғалиев пен Паралимпиада құрамасының капитаны Александр Герлиц Президенттің қолынан Мемлекеттік ту алды.


Хабарламаларға жазылу