Елде қандай әскери реформалар жүргізіледі? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде қандай әскери реформалар жүргізіледі?

21.01.2022

Алматыдағы қақтығыстар біздегі қорғаныс саласының қауқарын ашып берді. Сарбаздардан бастап сардарларға дейін, олардың қолындағы қару-жарағы да сынға түсті. Барлығы сараланып, сұрыпталуы керек деген Президент ұлттық қауіпсіздік, күштік құрылымдар, құқық қорғау органдарына тұтас реформа жасауды тапсырды.

Айтқали Есенқұлов Алматы ғана емес, бүкіл елде бүлік болса да десанттық шабуылдау әскерлері баса алатын еді. Бірақ, нағыз командирсіз ол мүмкін емес деген пікірде. Өйткені, тәжірибелі генералдар жоқ. Көбі таныспен тағайындалған. Отставкадағы генерал-майор әділдікті қол қолдап жақтайтындардың қатарында. Ал, Президенттің шұғыл түрде арнаулы операция күштері қолбасшылығын құру бастамасы жағдайды бағамдай білуінен деп санайды.

Айтқали Есенқұлов, отставкадағы генерал-майор, запастағы әскери қызметкерлер одағының төрағасы: 
Арыстандар, собрлар, амондар, көп олар. Атауы алуан, есте сақтай алмайсың. Әрқайсысы өзіне би, өзіне қожа. Негізі арнайы операцияны орындаудың бірыңғай мемлекеттік ұйымы болуы тиіс. Ол тек жоғарғы бас қолбасшы мен қорғаныс министріне бағынғаны дұрыс. Міне, сонда оң шешім шығады. Тіпті, егер басқа ведомстволарда құрылса да бір штабқа, бір жоспарға бағынуы керек.
Діни экстремизммен күрес те күрделі өзгерісті талап етеді. Әсіресе, қылмыстық атқару жүйесіне атүсті қарау – қауіпке өзіңді жығып берумен тең. Сенатор Андрей Лукин түрмелерде террористік ұйымдардың 500-ден астам көшбасшылары мен қатысушылары барын ескертті. Елдегі 64 абақтының тек 9-ында ғана бейнекамера бар. Негізінен өткен ғасырдың 30-70-ші жылдарынан қалған барақтарда сотталғандардың 18%-ы отыр. Онда түрме субмәдениеті мен қылмыстық ортаның бүкіл үдерісін жоққа шығаратын 100-ге жуық сотталушы болса тәрбие туралы айту бос сөз. 
Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
Радикалды көзқарастағы сотталғандарды камерада ұстау үшін темір торларға қайта жаңарту жүргіз керек. Өлтірмейтін қарумен және арнайы құралдармен, оның ішінде радиобайланыс, техникалық күзет құрылғыларымен, ұялы байланысты бұғаттау жүйелерімен толық жарақтандыру қажет. Түзеу мекемелеріндегі күзеттің тиімділігі мен қауіпсіздік деңгейін арттыру маңызды. Ұялы телефондарды заңсыз пайдалануына да бақылауды күшейту керек.
Бұдан бөлек сенаторлар күштік құрылым қызметкерлері арасында әлеуметтік қамсыздандырудағы теңсіздікке назар аударды. Мысалы, Ішкі істер органдарының қаза тапқан қызметкерлерінің балаларына балабақшаларға кезектен тыс орын берілмейді. Сондай-ақ біржолғы ақшалай өтемақы түрінде тұрғын үй төлемдері де көзделмеген. Бірақ, әскерилер мен арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлеріне ондай жағдай жасалған. Ал, ел басына күн туғанда бәрі бірдей сапта тұрады. Үкіметтен сол жағын ескеруді сұрады.

Нысаналы Ығыл 

Хабарламаларға жазылу