Алматы халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр

19.01.2022

Алматы халықаралық әуежайы бүгіннен бастап штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ішкі және халықаралық бағыттағы рейстер толық қалпына келтірілді. Бүлінген сауда нүктелері де әдеттегідей шаруаларына кіріскен. Әуежайдағы ахуалды көріп қайтқан әріптесім Қуан Нұрақын толықтырсын.

Қуан Нұрақын, тілші:
Алматыда лаңкестерді ұстау операциясы әлі жүріп жатуына байланысты қазір әуежайда қауіпсіздік қатаң бақылауға алынған. Нысанды әскерилер күзетіп тұр. Әуежай аумағына бұған дейін ішке жолаушылар жаяу кірсе, бүгіннен бастап көлікпен кіруге рұқсат етілді.

5 қаңтар күні нысанға басып кірген бұзақылар мен тонаушылардың кесірінен бірнеше дүкен зардап шекті. Банкоматтар қирап, әуежайдың қауіпсіздігін бақылайтын серверлік бөлме бүлінді.

Бүлікшілер, тіпті, дәріханадағы тауарларды да қолды еткен.

Әсел Матаева, дәріхана сатушысы:
Жарты тауарды алып кетті. Дәрі – дәрмекті, жейтін нәрсені жеген. Алатын затты алған. Сындырған. Компьютер, кассадан ақша іздеген.

 Сол күні ұшып келуі тиіс 102 ұшақтың 50-і ғана әуежайға қонып үлгерген. Бүлікшілер ғимаратқа басып кіргенде, іште мыңға жуық адам болған. Бұдан бөлек сыртта 5 ұшақта 300-ге жуық жолаушы қалыпты.

Найля Жабағина, Алматы халықаралық әуежайының баспасөз бөлімінің жетекшісі:
 Біз шұғыл түрде жолаушыларды автобустарға отырғызып, қауіпсіз жерге шығара бастадық. Әуежай қызметкерлері ұрымтал сәтті пайдаланып, адамдарды біртіндеп эвакуациялап үлгерді. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Қазір әуежайда бақылау күшейтілген. Әр жолаушы жіті тексеріліп, тек содан соң нысанға кіргізіледі.

Қазір әуежайдағы барлық сауда нүктесі мен жолаушыларға қызмет көрсету жүйесі қалпына келтірілді. Ал тәртіпсіздік салдарынан әуежайға келтірілген жалпы шығын көлемі әлі есептелуде.


Хабарламаларға жазылу