ҰҚШҰ әскері Қазақстаннан шығарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҰҚШҰ әскері Қазақстаннан шығарылды

19.01.2022

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы бітімгерлік күштерінің Қазақстандағы миссиясы толық аяқталды. Ел аумағынан шығарылған соңғы жеке құрам Алматыдан ұшып шықты. Тілші толықтырады.

Ұйымның біріккен бітімгерлік контингентін шығару 13 қаңтардан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асты. Ұйымға мүше көрші елдерден 2000-нан астам адам мен 250 бірлік техника елдегі жағдайды тұрақтандыруға үлес қосты.

Александр Синяговский, ҚР СІМ Еуразиялық интеграция департаментінің директоры:
Бізге келген бітімгерлер миссиясын сәтті орындап, өз елдеріне оралды. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылған күннен бастап 30 жыл ішінде алғаш рет жұмылдырылғанын атап өткен жөн. Қаңтар айының басында қарулы экстремистер, террористер тарапынан қарсы агрессия актісіне тап болған Қазақстан ҰҚШҰ-дағы әріптестерінен қолдау көрсету туралы көмек сұрады.

6 қаңтар күні қазақстан аумағына кірген бітімгерлік әскері азаматтардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін объектілерді күзету міндетін атқарды. Мұндай көмек ел ішінде терроризмге қарсы операцияны жеделдету үшін, қазақстандық күштер мен құралдардың едәуір бөлігін босатуға мүмкіндік берді.

Олжас Құсайынов, Қорғаныс министрлігінің халықаралық ынтымақтастық департаменті басшысы:
Контингенттер әуежайларды, әскери қоймаларды және азаматтардың өмірін қамтамасыз ететін басқа да нысандарды қалқалау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметтерін атқарды. Бұл шаралар терроризмге қарсы операцияларды тікелей жүргізу үшін күштер мен құралдардың едәуір бөлігін босатуға мүмкіндік беріп, террористік белсенділіктің тұтастай төмендетуге ықпал етті.

Бітімгершілік әскерлерінің елдегі миссиясының мерзімін қарулы күштердің Жоғары бас қолбасшысы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген болатын. Мемлекет басшысы он күн ішінде миссиясын аяқтаған ұжымдық контингент жұмысына оң баға берді. «Сындарлы сәтте қауіпсіздік ұйымы өзінің тиімділігі мен әлеуетін көрсетті»- деді Президент.


Хабарламаларға жазылу