Қаскөйлерге қарсы тұра білген сарбаздар бүгінде халық ықыласына бөленуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаскөйлерге қарсы тұра білген сарбаздар бүгінде халық ықыласына бөленуде

17.01.2022

Антына адал сарбаздар. Елдегі бүлік кезінде бұра тартпай, қақтығыста қаскөйлерге қарсы тұра білген сарбаздар бүгінде халық ықыласына бөленуде. Дүрбелең кезінде ерлік көрсетіп, әріптестеріне демеу болған ұландар жайлы Болат Аманбаевтың бейнематериалы.

Қаруыңды тастап қатарымызға қосыл деген бүлікшіге қарсылық танытқан Ұлан Мырзабай сол күні облыс әкімдігін шабуылдаған сәтте алдыңғы шепте тұрған. Міндеті- бұйрықты орындау екенін айтып, қарсы тарапты тыныштандыруға тырысыпты. Ақтөбедегі әскери бөлімде қызмет ететін 22 жастағы сарбаз Қапшағай қаласының тумасы.

Ұлан Мырзабай, 66∕55әскери бөлімінің қызметкері, лейтенант: 
«Щитіңді таста, біздің арамызға қосыл, сен қосылсаң басқалары да қосылады»,- деді. «Сенің келбетің момын секілді»,- деді. Мен айттым, антыма адалмын деп. Ол сөзіммен олардың ашуын келтірмей, қарапайым тілде айтып, көндірдім. Қобалжу болды.

Сол күні Ұланның жанында оның әскери бөлімдегі қызметтес достары да болды. Оларға да бүлікшілер тарпа бас салған. Алайда, сарбаздар арандатушылардың арбауына ермеді.

Бауыржан Айтқалиев,  66∕55әскери бөлімінің аға офицері: 
Радикалды экстремистік басқа дін жолында жүрген адамдар келіп, бізді тартып алғысы келді. Психологиялық түрде қиын болды. Бірақ шыдадым, бәрі ойдағыдай болды. Өйткені артымда сарбаздарым болды.

Бұл тәртіпсіздік сәл тыншыған кезде кітапхана ғимаратына тынығу үшін кірген Павлодарлық полицейлер. Бәрі де пианино пернелерінен шыққан әуезді үнге еліткен. Аспапта ойнап отырған майор Садуақасов. Шарбақты аудандық полиция бөлімінде жұмыс істейді. Шаршап, шалдыққан әріптестеріме музыка арқылы жігер бергім келді-дейді ол.

Ренат Садуақасов,  Шарбақты аудандық полиция бөлімінің жедел өкілі: 
Анам музыкант. Аудандық мәдениет үйінде жұмыс істейді. Бала кезімде фортепиано үйірмесіне барғанмын. Музыканың адамды сергітіп, ауыр ойдан арылуға көмектесетін құдіреті бар ғой. Пианино даусын естіген қызметтестерім бойларын бірден жиып алды. Содан 2-3 шығарманы қатарынан орындадым.

Ренат полицейлер отбасынан. Әкесі 32 жыл осы салада қызмет еткен. Қазір құрметті еңбек демалысында.

Қанат Садуақасов,   полиция ардагері: 
Балам менің жолымды жалғастырамын дегенде не жоқ, не жөн екен-деп айтпап едім. Енді тәнті болып отырмын. Президентіміз полиция қызметкерлерін құқықтық жағынан қорғау туралы заңды күшейтіп, әскеріміздің әлеуетін жақсартуға пәрмен беріп жатыр. Соған қуандым. Елде тыныштық болсын.

Бүлікте емес, бейбіт өмірді, ел қорғаны болуды көздеген тәртіп сақшылары әлі де қоғам тыныштығы үшін алдыңғы шепте жүр.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу