Жас ғалым қымыздан коктейль жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жас ғалым қымыздан коктейль жасады

15.04.2014
Жас ғалым қымыздан коктейль жасады
Алма, алмұрт, қарбыз, құлпынайлардан жасалған коктейль көп. Тіпті алкогольді, алкогольсізі де бар. Бұлар сіз бен біз күнде көретін, кейбіріміз күнде ішетін коктейль. Ал, қымыздан жасалғанын көріп пе едіңіз?
Астаналық жас өрен ұлттық дәстүрді ұлықтай отырып, қазіргі заманға сай сұрыптай отырып, жаңа сусын ойлап тапты.
 
Арман Астанаға арман қуып 1 жыл бұрын келген. Кәсібімді ашамын, нәсібімді табамын деді. Дегеніне жетті. Қазір ол құрылыс саласында жеке кәсіпкер. Күндіз-түні тынымсыз еңбек ететін Арман ойлап тапқан жаңа жобасын жас инноваторлар жарысына жіберді.
 
Коктейльдің екі түрін ұсынды. Бірі - саумал қымыз. Оған «Махаббат» деген атау берді. Қозы Көрпеш-Баян сұлу күніне орайластырып. Тәтті дәмі бар өйткені. Енді бірі ашытылған қымыздан, оны «Астана» коктейлі деп атады. 
 
Арман Бекеев, жас ғалым:
Дөнен қымыздан жасалған. Дәмі қышқылтым, кәдімгі қымыздың иісі. Денсаулыққа өте пайдалы. Қымыз қанша ауруды емдей алатын болса, бұл да сонша ауруға пайдалы.
 
Рас, биенің сүті балдай. Қымызды коктейльден денсаулыққа пайда бар. 100 пайыз табиғи өнім. Жеміс-жидек көп. Оған қымыздың қасиетін қосыңыз.
 
Қымыздың құрамында А, С, F, V2, V3 сынды 27 дәрумен бар. Кальций, Натрий калий де көп. Дәрігерлер де қымызды жөтелге қарсы ішуге кеңес береді. Өйткені қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемоглобин көбейеді. Тамырдың соғуы жиілейді, қан айналымы жылдамдайды. Қан тамыры жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады.
 
Жас инноваторлар жарысына Арманнан бөлек, арман мен қиялын ұштастырған 45 азамат қатысты. 17 жоба ұсынып, бүгін үздіктері марапатталды. Көлік тербелісі әсерінен электр энергиясын алу, ауа тазарту бойынша тың ұсыныс жасады, Тіпті су үстіне әуежай салғысы келетіндер де бар екен.
 
Талғат Рахманберді, Астана қалалық Жастар саясаты мәселесі басқармасының басшысы:
Жалпы жобалардың бәрі үздік десем мен қателесепеймін, себебі бұл - жастардың тұңғыш бастамасы. Жас инноваторлардың көбі студенттер, оқушылар. Біздің жастардың осындай инновациялық жобаларға жасампаздық танытып, ойларын ортаға салғаны жетістік болып саналады.
 
Үздік деп танылған жобалар жыл соңында қаржыландырылады. Арман одан үмітсіз емес. Жаңа жоба қолдау тауып, қаржы берілсе Арман Астананың қақ ортасынан қымызхана ашпақ. Жай қымызхана емес, сіз бен бізді қоспағанда, шетелдік меймандарға таңсық болатын мейрамхана салмақ.
 
Онда ЕХРО-2017 көрмесіне келетін қонақтар қазақтың қымызынан дәм татады. Осылайша, ұлттық өнім ұлықталар еді. Ел экономикасына күлшелі қонақтардан қыруар қаржы құйылар еді... Тегінде Арманның арманы көп.
 
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу