Астанада Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығына орай мәдени шара өтті (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығына орай мәдени шара өтті (толығырақ)

12.04.2014
Астанада Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығына орай мәдени шара өтті (толығырақ)
Тарихта тұңғыш рет Түркия қазақтары ән-күйлерінің нотасы жазылды. 20-ға жуық туындыны ел жадында жатталсын деп қағаз бетіне түсірген - еліміздің мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов. Көне ән-күйлер Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығына орай өткізілген Қазақстан-Түркия достық кешінде шырқалды. Жалпы, Түркиядағы қазақ музыка мәдениеті дамымаған деген жаңсақ пікірді жасырмаймыз. Алайда, салтанатты кеште 3 ішекті домбырамен, одан қалды тұмар, шіңкілдек, қозықұйрықтың құлағында ойналған ән-күйлер бұл пікірді теріске шығарса керек.
 
Бұл Түркиядағы қандастарымыздың атамекенді аңсағанда айтатын әнұраны. Астананы аңсағанда, Алматыны армандағанда, Оралды ойлағанда орындайды. Сағынғанда осы өлеңді саялайды. Нотасы жазылған, кітапқа басылған 20 ән-күйдің бірі бұл.
 
Нұрлан Бекенов, ҚР Мәдениет қайраткері, дирижер:
Болашақта осы шыққан кітапты ары қарай жетілдіру, толықтыру мәселелсі тұр. Себебі уақыттың тапшылығына байланысты мен кіпапқа 20 күй ғана жаздым, менің қолымда 50 күй бар.
 
Моңғолияда сыбызғы мәдениеті, Қытайда күй өнеріміз сақтаулы. Ал Түркиядағы туыстар қазақтың бар мәдениетін білмесе де, көне күйлерге мән беріпті.
 
Әбдіуақап Қара, түркітанушы, Мұстафатанушы:
Қазақтың асып төгілген мәдениеті, әрине Түркияда жоқ. Өйткені санымыз аз. Көптеген тауқыметті тарттық. Бірақ қазақтың бояуы әлі жоғалған жоқ. Қазақстан мәңгі ел болса, Түркиядағы қазақ мәдениеті мәңгі сақталады деп ойлаймыз.
 
Бешір Ахмет Көсе, Түркиядағы Қазақ қоғамының мәдениет бөлімінің меңгерушісі:
Қандай шетелде жүрсек те көңіліміз осы ата жұртқа, Қазақстанымызға тартып тұрады.
 
Ол тоқсаныншы жылдары таэквондо сынды спорт түрін ата жұртқа әкелген еді. Ол талай жыл қазақтың жігіттерін жаттықтырып, Алаштың айбынына айналып еді. Ол өз елінің айбоз ұлы Мұстафа Өзтүрік еді. Батыр бабадан қалған марқасқа тұяқтың бірі арамызда болса, биыл алпысқа толар еді. Бұл кеш тау тұлғаға арналды.
 
Мұстафа Өзтүрік спорт саңлағы. Таэквондодан қара белбеудің 6 дан иегері. Біздің білетініміз осы. Алайда, оның ән жазатын өнерін бірі білсе, бірі білмейді.
 
Мұстафа Өзтүріктің сөзіне жазылған «Жұлдыздарды тілейсің бе?» әні де Астана аспанында алғаш рет қалықтады. Көрермен керемет кештен алған әсерін, ду қол шапалағымен білдірді.
 
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу