Премьер-Министр күштік құрылымдарды реформалау бойынша тапсырма берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр күштік құрылымдарды реформалау бойынша тапсырма берді

12.01.2022

Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайылов күштік құрылымдарды реформалау бойынша тапсырмалар берді. Әуелі жауапты министрліктер құқық қорғау жүйесін реформалау шеңберіндегі жұмысты жалғастыруы керек. Бұдан бөлек арнайы мақсаттағы жасақтарды сандық және сапалық тұрғыдан нығайту бойынша ұсыныстарды пысықтап, бір апта мерзімінде Үкіметке енгізсін деді Премьер-Министр.

Енді Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, полиция қызметкерлерін құқықтық қорғауды жақсарту мәселесін пысықтайды. Бірнеше министрлік бірлесе азаматтық қорғау органдарын материалдық-техникалық және әлеуметтік жағынан күшейту бойынша ұсыныстарды тиянақтап, шұғыл үкіметке енгізуі тиіс.

Амангелді Құрмет, әскери сарапшы, журналист:
Бүгін берілген тапсырмаларды бастапқы жоба деп қарастырған болар едім. Өйткені мұнда жүйелілік мәселелері бар күштік құрылымдарға қатысты. Бұл негізі кемі 5 жылды алатын кешенді реформа болуы тиіс. Жан-жақты зерттеліп, сараланып, содан соң жасалатын реформа.


Хабарламаларға жазылу