Жамбыл облысында террорлық шабуылдан 15 адам қаза тапқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында террорлық шабуылдан 15 адам қаза тапқан

11.01.2022

Жамбыл облысында террорлық шабуылдан 15 адам қаза тапқан.

Оның екеуі құқық қорғау огандарының қызметкері. Ал, жаппай тәртіпсіздікке 2000-нан аса бүлікші қатысқаны белгілі болды. Соңғы мәліметке сүйенсек, Жамбылда 10 шақты қылмыскердің көзі жойылып, ұсталған бүлікшілердің саны 269-ға жетті. Қақтығыс кезінде қаза тапқандардың екеуі құқық қорғау саласының қызметкерлері. Бүгінде 20 қылмыстық іс қозғалып, 104 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Дәрігерге жүгінген 273 адамның 40-ы ауруханада жатыр.

Дәулет Ахметбеков, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

40 науқас стационарлық ауруханаларға жатқызылды. Оның екеуі жансақтау бөлімінде. Екеуінің жағдайы ауыр болып есептелінеді. Қалған 223 азаматқа алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілгеннен кейін, амбулаторлық ем алу үшін жергілікті мекенжайындағы емханаларға жолданды. Жалпы медициналық көмек көрсету үшін 50-ге жуық техника, 150 қызметкер жұмылдырды.

Алматыдағы қару-жарақ дүкенін тонаған екі азамат ұсталды

Өңірде мұздай қаруланған әскерилер мен полиция қызметкерлері көліктерді жіті тексеріп жатыр. Қордай ауданы Алматы-Ташкент тас жолындағы блокбекетте сақшылар мемлекеттік нөмірі жоқ, «Субару Форестер» маркалы автокөлігін тоқтатып, тінту кезінде 12 калибрлі 10 дана мылтық пен бір пневматикалық тапанша тапты. Тергеу барысында 24 жастағы автокөлік жүргізушісі мен 27 жастағы жолаушысының Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қару-жарақ дүкенін тонауға қатысы бар екендігі анықталып, қамаққа алынды. Қордай ауданы аумағындағы екі блок-бекетті 100-ге жуық полиция қызметкері мен әскерилер тәулік бойы бақылауға алған.


Хабарламаларға жазылу