Аймақтардағы ахуал: Төтенше жағдай тәртібіне бағынбағандар ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймақтардағы ахуал: Төтенше жағдай тәртібіне бағынбағандар ұсталды

10.01.2022

Батыс Қазақстан облысында есірткі затын қолданып, төтенше жағдай тәртібіне бағынбағандар ұсталды. Қазіргі күндегі ережелерді елемей, комендант сағатын бұзғандар өзге өңірлерде де бар. 

Орал қаласында түнде "Гранта" көлігі тоқтатылған. Ішіндегі 23-24 жастағы төрт жігіт марихуана қолданған. Машинаны тексергенде 2 пышақ пен жасыл түсті, өткір иісті ұнтағы бар қорапша табылды. Сондай-ақ, түнде орталық көшелерден трамадол есірткісін қабылдаған 29 жастағы екі жігіт ұсталды. Олардан 5,45 калибрлі әскери патрон және пышақ тәркіленді. Полиция осы фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Ал, Жамбыл облысында жағдай тұрақталып, халық қалыпты өмірге қайта оралды. Бірақ, өңірде антитеррорлық операция әлі де жалғасып жатыр. Жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен 178 адам ұсталды. Уақытша ұстау изоляторына 11 адам қамалған. Тексеріс барысында 34 қару мен 43 оқ тәркіленді. Қару-жараққа сот сараптамасы тағайындалды. Сондай-ақ, аймақта төтенше жағдай режимін бұзған 88 адамға әкімшілік хаттама толтырылған.

Шығыс Қазақстан облысында бүлікке қатысты деп күдікке ілінген 1000-нан аса адам ұсталып, оның 66-на қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Комендаттық сағат тәртібін елемеген 7 азамат әкімшілік жазаға тартылған. Өңірде бүлік кезінде 69 полиция жарақат алып, 11 қызметтік көлік жойылған. Тағы 10 машинаға зақым келген.

Талдықорғанда бүгінге дейін 430 адам ұсталып, 58 отты қару тәркіленген. Қала бойынша 35 патрульдік полиция кезекшілік жасап жүр. Қаланы айнала 20 блок-бекет тұр.

Павлодар облысында комендаттық сағатты бұзған 479 азамат ұсталды. 417 автокөлік пен 1000-нан астам адамға қалаға кіруге және шығуға рұқсат етілмеген. Блок-бекеттерде олар тиісті құжаттарды ұсынбаған белгілі болды.

Ал Қостанайда 260 адам әкімшілік жазаға тартылды. Арасында 5 тен 10 тәулікке дейін қамауға алынғандары да бар. Тәртіп сақшылары түнгі кезекпен жұмыс істейтіндер жұмыс орнынан рұқсат қағазын ұсынуы керек деп мәлімдеді. Өңір қазір тұрақты өмірге көшкен. Ресейден және өзге де елдерден қалаға келуге шектеу жоқ. Бірақ, отандастарымызға әзірге шет елге шығуға болмайды.


Хабарламаларға жазылу