Аймақтарда ерлікпен қаза тапқан әскерилерді ақтық сапарға шығарып салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймақтарда ерлікпен қаза тапқан әскерилерді ақтық сапарға шығарып салды

10.01.2022

Бүгін еліміздің әр түпкірінде терроршылардың шабуылы кезінде қаза тапқан күштік құрылым қызметкерлерін жерлеу рәсімі өтті. Қоғам тыныштығы, ел тұтастығы жолында батырлық танытқан жауынгерлердің есімі ел есінде мәңгі сақталады.

Шахан кентінің 28 жастағы тұрғыны Әділ Нұркенов қаңтардың 7-сі күні Талдықорғандағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде оққа ұшқан. Капитан шеніндегі Әділ Талдықорғандағы қызметке осыдан 8 ай бұрын ғана кіріскен. Оның артында жары мен 3 жастағы қызы қалды. Жақындарының айтуынша, Әділ лаңкестер жаудырған оқтың астында қалған. Ажал құштырған оқ оның бүйрегіне тиген.

Алмагүл Имашева, марқұм Ә.Нұркеновтің әпкесі:

Жұмыс барысында машинамен кетіп бара жатқанда атқан дейді. Бірнеше мәрте оқ жаудырған. Қасында тағы бір кісі болған дейді. Ол сол жерде қайтыс болыпты. Артында тағы бір қыз ба, келіншек пе болған. Оның жағдайы ауыр.

Арнайы жасақ инспекторы Д.Барғанаевпен қоштасу рәсімі өтті

Талдықорғанда да полиция лейтенанты Дархан Барғанаев жер қойнына тапсырылды. Ол 2011 жылдан бері құқық қорғау саласында қызмет етіп келді. Жылдам әрекет ететін арнайы жасақ инспекторы 8 қаңтарда бүлікшілер қалалық полиция басқармасына шабуыл жасағанда ерлікпен қаза тапты. Марқұмның артында анасы, жары және екі баласы қалды. Бір үйдің жалғыз ұлы Дархан Барғанаев Президент Жарлығымен қайтыс болғаннан кейін «Айбын» орденімен марапатталды.

Меруерт Орынбаева, марқұм Д. Барғанаевтың туысы:

Соңғы сөзі аман болыңдаршы, аман болыңдар, сендер үшін жүрміз, сендер үшін жүрмыз, үйден шықпаңдар өте қиын жағдай болып жатыр деді. Өзінің жүрегі сезді ме 8.15-те хабарласып, әйеліне звондады, аман болыңдар деді.

Маңғыстаулықтар қаза тапқан курсантпен қоштасты

Маңғыстаулықтар Ұлттық Қауіпсіздік комитеті академиясының курсанты Мейірхан Бітіммен қоштасты.

19 жасар Мейірхан Алматы қаласындағы қақтығыс кезінде бүлікшілердің қолынан қаза тапты. Ол Алматыдағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, шекара академиясының екінші курсында оқыған. Террористер басып кірген сәтте шаруашылық блокты күзетіп тұрған. Мейірхан Бітім жасаған ерлігі үшін, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Ізбибі Батқанбаева, марқұмның сынып жетекшісі:

Өте сабырлы, салмақты, нағыз әскери маман болатын, болашақта үміт күтіп отырған баламыздың бірі еді. Апай, мен қалайда военныйға түсемін, осы военныйды оқимын, елімнің патриотымын деп үнемі қасымда айтып жүретін.

Жамбылдық Дастан Әділбайұлы ҰҚК Жамбыл облыстық депертаментінде абыройлы еңбек еткен. Шабуыл кезінде алдыңғы шепте болған. Өкінішке орай, бұзақылардың атқан оғы жас өмірді қыршыннан қиып кетті. Артында 4 баласы мен жұбайы қалды. Ерлікпен қаза болған Дастан Әділбайұлы Президент жарлығымен 2 дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Әділбай Шатырбаев, Дастан Әділбайұлының әкесі:

Жүрген жерінің бәрінде жақсы құрметке ие болды. Енді осындай қайғылы қасіреттің болатынын кім біліпті. Елін өзінің жұмысында жерін қорғап, бүлікшілерге қарсы шығып құрбан болды баламыз.

Бұзақылардың шабуылы кезінде ерлікпен қаза тапқан тағы бір полиция қызметкері - Руслан Сламбеков. Бейбіт күнде бүлік салған жендеттердің қолынан қаза болған полицейдің үйіне әріптестері көңіл айтып барды. Облыстық полиция департаментінің өкілі отбасына қолдан келер көмекті аянып қалмайтынын жеткізді.

Рахымберді Әшкеев, облыстық Полиция депараменті ЖПҚБ бастығы:

Артында 5 баласы, әйелі және әке-шешесі қалды. Ол кісілерге келіп, көңіл айттық. Сондықтан біздің қолымыздан не келеді, сол барлық көмекті көрсетуге дайынбыз.

Түркістан жұртшылығы Алматыда қаза тапқан жас жауынгерді ақтық сапарға шығарып салды

Алматы қаласындағы террористік шабуыл кезінде құаза тапқан Шекара қызметі академиясының курсанты Дәулет Жұпарбековтың денесі өзінің туған жері – Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына жеткізіліп, жерленді. Дәулет Жұпарбеков 2002 жылы 1 желтоқсанда Сарыағаш қаласында дүниеге келген. Марқұмның соңында арда азаматтан қапияда көз жазып қалған ата-анасы, әпкесі және 2 інісі қалды. Батырдың ерлігі ескеріліп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілді.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу