«Дудутки» этноауылы ашық аспан астындағы мұражайға айналған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дудутки» этноауылы ашық аспан астындағы мұражайға айналған

28.03.2014
«Дудутки» этноауылы ашық аспан астындағы мұражайға айналған
Наурыз өтті, науқан аяқталды. Жер-жерде тігілген киіз үйлер мереке аяқтала салысымен көзден ғайып болды. Енді тек Астана күні қарсаңында қазақ үйлердің керегесі керіліп, ұлттық тұрмыс-салт көрмесі өтеді.
 
Дәстүрге бай елміз, бірақ, оның насихаты тек мереке кездерінде көрініс береді. Бұл тұрғыдан алғанда көрші елдерден үлгі алуға болады. Мысалы, Беларусь елінде жыл он екі ай ашық тұратын «Дудутки» мұражай кешені бар.
 
Беларусь жеріне келген қонақтар міндетті түрде «Дудуткиге» барады. У-шуы көп қаладан 1-2 ғасырға кейін шегініп, осы көріністерге куә болады. Қызметкерлер ұлттық киім киеді. Елдің тарихы айтылады, қолөнердің түр-түрі көрсетіледі.
 
 Сергей Дюкарев, «Дудутки» мұражай кешенінің директоры:
Бұл - жекеменшік мұражай. Мемлекеттен ештеңе алып отырған жоқпыз. 20 жыл бұрын мұражай емес, шағын фермерлік шаруашылық жасау мақсатында ашқанбыз. Қазір аздаған сиыр, үйрек-қаздарымыз бар. Әмбебап деуге болады. Мұражайда қызмет істейтіндердің көбі - осы маңдағы ауыл адамдары.
 
Шебер қыштан құмыра құяды, ұста түрлі бұйымдар жасайды. Осы жерде тапсырыс беріп, сатып та алуға болады. Ауыл ішінде нағыз Беларусь нанын пісіретін наубайхана да бар.
Мұражай кешенде азын-аулақ мал бар. Келген қонақтар ауылдың дәмін татады. Ірімшік, сары май, жұмыртқа өздерінен.
 
Айнұр Омар, тілші:
Ашық аспан астындағы мұражай немесе хайуанаттар бағы. Бұл мұражай 20 жыл ішінде туристер жиі келетін орталыққа айналған.
 
 
Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу