Қарағанды облысында төтенше жағдай тәртібін бұзған 31 адам қамауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында төтенше жағдай тәртібін бұзған 31 адам қамауға алынды

10.01.2022

Қарағанды облысында 447 тәртіп бұзушылық анықталды. Төтенше жағдай режиміне бағынбағандардың бірқатары қамауға алынған. Күштік құрылымдар қоғамдық тәртіпті жіті назарда ұстауда.

Облыста коменданттық сағат жарияланған. Полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан мен әскери қызметшілер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Негізгі күрежолдарда 8 блок-бекеті орналасқан. 6-шы қаңтардан бері полиция қызметкерлері 447 тәртіп бұзушылықты анықтады. 31 адам әкімшілік қамауға алынған.

Бақытжан Құдияров, облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі:

Полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында 17 тыйым салынған зат тәркіленді. Оның ішінде 9 тегіс ұңғылы мылтық алынды. Сонымен қатар есірткі заттарын сақтаудың 6 фактісі анықталды. Қарағанды облысының полиция департаменті тұрғындардан тағы да ТЖ талаптарын орындауды сұрайды.

Жалпы облыста қазір жағдай тұрақты. Жалпұлттық аза тұту күніне орай барлық тулар түсірілген. Әлеуметтік, медициналық, шағын және орта бизнес нысандары жұмыс істеп тұр. Ірі кәсіпорындардың жұмысы да штаттық режимде жүруде. Азық-түлік дүкендерінде, супермеркеттерде тауар жеткілікті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік және басқа да тауарлардың бағасы жіті назарда. Банкоматтарда бұған дейін болған кезек жоқ. Ал қоғамдық көліктер кестеге сай жүріп жатыр. Жанар-жағармай станцияларында сұйытылған газ 70 теңгеден, ал бензин 176-182 теңгеден сатылуда. Дизельдік отынның бір литрі - 230 теңге.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу