Маңғыстау облысының коменданты: Тұрғындар өзімен бірге жеке куәлігін алып жүруі керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысының коменданты: Тұрғындар өзімен бірге жеке куәлігін алып жүруі керек

09.01.2022

Маңғыстау облысы аумағына 8 блокбекет қойылды. Аймақта жағдай тұрақты. Барлық нысан штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Өңірдегі тілшіміз Аягөз Оралбайқызы бізбен тікелей байланысқа шықты.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін облыс бойынша 8 блокбекет, оның 5-еуі Ақтау қаласының аумағына, 3-еуі Жаңаөзенге қойылды. Коменданттық сағат кезінде яғни, түнгі сағат 23.00-ден таңғы сағат 07.00-ге дейін елдімекендерде күшейтілген автопатруль наряды тәртіпті қадағалауда. Облыстың коменданты Жанарбек Бақтыбаев тұрғындар өздерінің қауіпсіз екендігін сезінетіндей, барынша қолайлы жағдай жасаймыз деп мәлімдеді. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде көшелерде және өзге де қоғамдық орындарда жүрген әрбір тұрғын тәуліктің кез келген уақытында өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжатты алып жүруге міндетті екені ескертілді.

Жанарбек Бақтыбаев, Маңғыстау облысының коменданты:

Біздің облыста әуежайға және Полиция департаменті ғимаратына шабуыл жасау, сондай-ақ колоннаны басып алу кезінде құқық қорғау органдарының қару қолдану ықтималдығы жоғары болды. Қарулы қақтығыс пен қантөгісті болдырмау үшін біз бұған жол бермедік. Алайда шабуыл кезінде қару қолдануға рұқсат етілген Президенттің тікелей бұйрығы бар. Сіздерден араңдатушылықтарға жол бермеулеріңізді сұраймын.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Облыс аумағында жағдай тұрақты. Теміржол мен әуе қатынасы қалыпты жұмыс режиміне көшті. Банкоматтарда кезек байқалмайды. Қоғамдық көліктер жүріп жатыр.


Хабарламаларға жазылу