Өскеменде арандатушылар облыстық әкімдікті басып алуға тырысқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде арандатушылар облыстық әкімдікті басып алуға тырысқан

09.01.2022

Өскеменнің орталық алаңында да бір топ адам жиналған. Жергілікті билік және құқық қорғау органдары жиналғандарды ұсыныстарын нақты айтып, бейбіт түрде келіссөз жүргізуге шақырған. Алайда арандатушылар шабуыл жасап, облыстық әкімдікті басып алуға тырысқан.

Өскеменде ереуілден егеске айналған сын сағатта, экстремистік топ тәртіп сақшыларына шабуылдады. Тас пен ауыр арматура лақтырып, оқ атқан. Әскерилердің арасында жараланғандар мен зардап шеккендер де бар. Топты тәртіпке келтіру және бейбіт халықтың өмірін сақтау мақсатында полицейлер көзді жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болды.

Полиция департаментінің мәлімдеуінше, Өскемен қаласының орталық алаңына жиналғандардың саны 3 мыңға жуықтаған. Іштерінде қаруланған лаңкестер де болған. Олар полиция пунктері мен тұрғындардың автокөліктерін жағып, ғимараттар мен дүкендердің шыныларын қиратып, әкімдік пен солдаттарға тас жаудырған.

Ал, Семейде алаңға жиналғандардың саны 2,5 мыңға жетіпті. Бүлікшілер қалалық әкімдік ғимаратына басып кіріп, тонайтынын тонап, қалғанын қиратып кеткен. Есік-терезелер мен техникаларды сындырып, ауладағы көліктерді өртеп жіберген. Жедел әрекеттер арқасында лаңкестердің көпшілігі ұсталды.

6 қаңтарда сағат 13-00де Семей қаласының әкімдігі толығымен босатылды. Бұл туралы аймақ басшысы мәлімдеді.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысы әкімі:

Қазір Шығыс Қазақстан облысында жағдай тұрақты. Барлығы тәртіп сақшыларының қатаң бақылауға алынған.

Бауыржан Бөгенбай


Хабарламаларға жазылу