Таразда 10-ға жуық қылмыскердің көзі жойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда 10-ға жуық қылмыскердің көзі жойылды

09.01.2022

Таразда террорлық шабуыл жасаған қылмыскерлер ұсталып жатыр. Бүгін түнде жедел іздестіру шаралары кезінде әкімдік ғимаратын қиратқан 4 адам қолға түсті. Олардан қару жарақ пен оқ дәрілер табылды. Толығырақ аймақтағы ахуалды телефонмен Нұрдос Сембек баяндайды.

Таразда көзі жойылған қылмыскерлердің саны 10-ға жуықтады. Олар қақтығыс кезінде әскерилер мен полицейлерге оқ атып террорлық шабуыл жасаған. Ал қолға түскен бүлікшілер саны 153-ке жетті. Кеше ұсталған жеңіл көліктен 14 калашников автоматы, снайперлік винтовка, оқ дәрі, жарылғыш граната және ірі көлемде шетел валюталары тәркіленгенін айтқан болатынбыз. Бүгін түнде жедел іздестіру шаралары кезінде әкімдік ғимаратын қиратқан 4 адам қолға түсті. Олардан оқ дәрілер мен тағы екі Калашников автоматы табылды. Жалпы қақтығыс кезінде 2 полицейге оқ тиіп, 7-уі жараланған. Осы уақытқа дейін ауруханаға 38 адам жатқызылса, түрлі жарақаттармен 283 адам медициналық көмеккке жүгінген. Қазір олардың арасындағы тәртіп бұзғандар мен бүлікшілер анықталып жатыр.

Аймақта қанша блокбекет жұмыс істеп тұр?

Аймақта 29 блекбекет жұмыс істеп тұр. Кіре беріс қақпаларда көліктер мұқият тексеріліп, азаматтардың жеке бастары анықталуда.Өйткені ауыл-аймаққа қашып жасырынған қарулы қылмыскерлер болуы мүмкін деген ақпарат бар. Сондықтан облыста коменданттық сағат енгізіліп, кешкі және түнгі уақытта жүруіне шектеу қойылды. Сонымен қатар теміржол бекетіне түнгі 23:00-ден кейін пойыздан түскен жолаушыларды тасымалдайтын арнайы автобус қойылды. Жалпы Тараз қаласында 6 ғимарат қираған, қазір оларды қалпына келтіру жұмыстары басталды.


Хабарламаларға жазылу