Елдің берекесін кетіру кімдерге керек? - Сарапшылар пікірі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдің берекесін кетіру кімдерге керек? - Сарапшылар пікірі

07.01.2022

Елдің берекесін кетіру кімдерге керек? Арандатушылар қайдан пайда болды? Сарапшылар пікірінше Қазақстандағы сценарий алдын ала және нақты жоспарланған. Бұған ең алдымен стратегиялық нысандарды басып алуға әрекеттенген бүлікшілердің іс әрекеттері мысал бола алады.

Қазақстанды жайлаған бейберекетсіздіктерге, қантөгіске сыртқы күштер ықпал етті. Артында қаржылық мүдде тұрды. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қадап айттты. Мемлекет басшысының айтуынша бейбіт жатқан бұқараның берекесін кетірген бұзақылар сыртта дайындалған. Себебі ең алдымен стратегиялық маңызы бар нысандарға басып кірді, олардың қайда орналасқанын жақсы білді, телеарналарды жауламақ болды, тіпті құқықорғаушылардың қоймаларына дейін жетті.

 Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мемлекеттілікті дамыту тұрғысында Қазақстанға әртүрлі қауіп қатер бар. Кейбір қатерлер сырттан келеді.  Яғни бұл акциялар бұрыннан жоспарланған. Шет елден келген азаматтар үйретілген. Олар құқық қорғау органдарына қалай шабуыл жасау керектігін біледі. Соның ішінде қаладағы нысандарға қалай шабыл жасау жөнінде үйретілген және өте қатал әдістерді қолданып, адамдарға шабуыл жасады.

Тұрақты елді теңселту кімдерге керек? Сарапшылар пікірінше тұтас елді төңкерудің түрлі тәсілдері бар. Бұған осыдан біраз уақыт бұрын ТМД, Таяу Шығыс және өзге де мемлекеттердің іргесін шайқаған түрлі-түсті революциялар дәлел бола алады. Сыртқы күштердің алдын ала дайындаған сценарийлері талай елді ойран етті, бұқараның ортасына от салды, бір елдің тұрғындарын бір- біріне айдап салды, соңы қантөгсіпен аяқталды. Өкінішке қарай ондай лас технологиялардың артында қаржылық топтар мен алпауытттар тұратынын көп елдер кеш түсінді. Солардың ішінде Ирак, Сирия сынды елдер әлі күнге қырық пышақ болып келеді. Қорғаныс саласының ардагері, кезінде әлем елдеріндегі қақтығыс аймақтарында жұмыс істеген Қалижан Әлжановтың айтуынша Қазақстандағы жағдайдан да ел арасына ірікті салуды көздеген мүдделі топтардың әрекеті байқалды.

Қалижан Әлжанов, ҚР ҚК ардагері, отставкадағы полковник:
Бұны ұйымдастырып отырған бір адамдар бар. Соларға өздерінің келешегін ойламай еріп кеткендер бар. Алматыдан көріп отырмыз қиратып жатыр. Кімнің дүниесін қиратып жатыр. Өзіміздікін, елдің дүниесін қиратып жатыр. Олардыкі ақымақтық деп есептеймін. «Жақсы адам жақсы сөздің сырын іздейді, жаман адам жақсы сөз естісе де сөздің шірігін іздейді.  Қаншама қан төгілді міне 30 жылдан кейін. Кім ұтты?

Арандатуға ұшыраған елдердің көбі даму жағынан кері кетеді. Бұған төңкерілген елдердегі күрт төмендеген экономикалық көрсеткіштер дәлел. Ал тынышы кеткен елге қаржы да, инвестор да, тіпті туристе жоламайтыны белгілі, тіпті халқының өзі елінен қашады. Нәтижесінде қарапайым халық зардап шегеді. Бұған кедейшілік белең алып, өзге елдерге босып кеткен босқындар өмірі дәлел. Бір ғана Таяу Шығыс елдеріндегі инвестиция ағынының қалай өзгергеніне мына көрсеткіштер айғақ.

 Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
30 жылға кері кетеді. Түптеп келгенде елдің экономикалық дамуына, әрбір азаматтың қалтасына әсер етеді.

Қазақстандағы қырғынды тоқтату, лаңкестерге тойтарыс беру оңай болмады. Бейкүнә азаматтардың қаны төгілді, қаншама отбасы қара жамылды. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бизнеске 40 млрд шығын келді. Бастысы ахуал қалыпты арнаға түсе бастады. Жағдай бақылауда. Енді осы бір қиын кезеңді бірге еңсеріп, бірлікті нығайту маңызды.

Азат Рыстанбек

Хабарламаларға жазылу