Елімізде ауа райының қолайсыздығынан жол апаты жиілеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде ауа райының қолайсыздығынан жол апаты жиілеген

29.12.2021

Елімізде ауа райының қолайсыздығынан жол апаты жиілеген. Қостанайда пойыз бен көлік соқтығысса, Нұр-Сұлтан-Қарағанды трассасында жеңіл машина автобустың астына кіріп, бір әйел қаза тапты. Ал ақтөбеліктерді көктайғақ әбігерге салып жатыр. Тілшіміз ретімен айтсын.

Оқыс оқиға таңертең қаланың шет жағындағы темір жол өткелінде болған. Мәліметтерге қарағанда «Шевролет»тізгіндеген жүргізуші, бағдаршамның қызыл түсіне қарамай, пойыздың жолын кесіп өтпек болған. Бірақ үлгермей, «Нұр-Сұлтан – Орал» бағытындағы жолаушылар пойызымен соғылды. Отарба машинаны 200 метрдей жерге сүйреп барып тоқтаған. Көлік жүргізушісі ауыр халде ауруханада жатыр.

Ксения Жылқыбаева, Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

1981 – ші жылғы ер адам ашық ми жарақатымен қалалық ауруханаға жеткізілді. Сонымен қатар миы шайқалған, оң жақ қабағының тұсы қатты жыртылған. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Реанематологтар мен нейрохирургтардың бақылауында. Қан құрамында алькогольдің бар жоғын анықтау үшін сынама алынды. Жағдайы өте ауыр.

Ал бұл Нұр-Сұлтан-Қарағанды тас жолында болған жантүршігерлік жол апаты. Тайота тізгіндеген 36 жастағы әйел рөлге ие бола алмай, қарсы бетке шығып кетіп, автобуспен соқтығысқан. Оның қатты болғаны сонша, жеңіл көліктің сау тамтығы жоқ. Жартысы автобустың астына кіріп кеткен. Өкініштісі, тайотадағы жүргізуші келіншек көз жұмды. Ал автобустағы жолаушылар дін аман. Қазір оқыс оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған.

Ал ақтөбе облысында көк тайғақ жүргізушілерді әбігерге салды. «Самара-Шымкент» автожолының Ақтөбе облысындағы бөлігінде 4 жүк көлігі соқтығысып, бір жүргізуші зардап шекті. Ал Ақтөбе-Қандыағаш бағытында кележатқан «Лада Гранта» көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, «Лада веста»-ға соғылған.

Ерболат Сарқұлов, Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

«Салдарынан Лада грантаның жүргізушісі 71 жастағы әйел адам оқиға орнында көз жұмды. Және 2 жолаушысы әр түрлі жарақатпен Мұғалжар аудандық ауруханасына жеткізілді. Аталған факт бойынша ҚР ҚК 345 бабы, 3 бабы бойынша қылмыстық ісқозғалып, тергеу әрекеттері жүргізілуде».

Жалпы ауа райының қолайсыздығынан ел бойынша жол апаты жиілеген. Күніне ондаған адам зардап шегіп, қаза тапқандар да көбейіп жатыр. Сол үшін полицейлер жүргізушілерді барынша абай болуға шақырып отыр.


Хабарламаларға жазылу