Отандық гиперреалистер Болған ананың мүсінін жасап шығарды. Алтын орданың 750 жылдығына орай тарихи тұлғаның кесенесінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында әйел адамның қаңқасы, бірқатар құнды жәдігерлер табылған болатын. Мүсін ғалымдардың антропологиялық тұжырымдалары негізінде жасалған.
Бұл - Болған ана кесенесінен табылған тостаған. Қызғалдақ пен қошқар мүйіз оюы өрнектелген металл ыдыс 900-ші сынамалы жоғары сапалы алтыннан құйылған. Сондай-ақ, әйел адамның тұтас қаңқасы, алтын әшекейі, ер-тоқымы, қынапты қылыштың шығуы қорымның осы уақытқа дейін тоналмай сақталғанын білдіреді. Соның негізінде Қарағандыдағы тарихи өлкетану мұражайында жаңа композиция пайда болды.
Ержан Нұрмағанбетов, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры:
Сол түп нұсқаларды бетке ала отырып жасаттық мұны. Біз әдейі түпнұсқалардың фрагменттерін жанына қойып қойдық. Міні мынау осындай болған, мынау қалыпқа келтірілген, жаңаланған үлгісі деп.
Кесенеден шыққан адам қаңқасы мен табылған жәдігерлер негізінде отандық гиперреалисттер Болған ана мүсінін жасап шығарды. Ол үшін ресейлік ғылыми институттың антропологиялық зерттеуіне сүйенген.
Айдос Есмағамбетов, мүсінші-гиперреалист:
Москваға бас сүйегін апарып, сол жақта антропологиялық зерттеулермен арнайы түрі қағазға түсіріліп, соны маған әкеп берді. Сол арқылы түрін жасап шығару менің міндетім. Ол дегеніңіз оңай емес, ұзақ процесс. Бір талдап тұрып шашын қадап, басқа да детальдарын шығардым.
2018 жылы жүргізілген экспедициялар Алтын орда кезеңіне жататын көне ескерткіштерді қайта зерттеу қажеттігіне көз жеткізді. Соның негізінде Ұлытау өңіріндегі бірнеше кесене зерттелді.Тарихи ескерткіштердің Алтынорда кезеңіне тиесілі екені, онда жерленген адамдардың жас ерекшелігі, әлеуметтік беделі ғылыми тұрғыда дәлелденді. Таяуда генетикалық сараптамалардың да қорытындысы дайын болады. Соның негізінде Болған ананың нақты кім екені анықталады.
Түлкібай Төлеуов, «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы» кмм директоры:
Генетикалық сараптамадан өтті Америка мен Жапония елдерінде. Бұл кісілердің жақын, туыс екені 90 пайыз мүмкіндікпен дәлелденіп отыр. Ал жақында ғылыми қорытындының ең соңғысы шығады.
Мемлекет басшысы Ұлытау өңіріне жасаған ресми сапарында «Алтын Орда» кезеңіне жататын кесенелерді кешенді зерделеп, насихаттауды тапсырғаны белгілі. Археологиялық қазба жұмыстары шетелдік ғалымдармен бірлескен зерттеулер өз нәтижесін берді. Осылайша Алтын Орданың бастауында Ұлытау өңірі тұрғаны ғылыми тұрғыда дәлелденіп отыр.