Азық-түлік инфляциясы 10,9 пайызды құрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азық-түлік инфляциясы 10,9 пайызды құрайды

26.12.2021

Азық-түлік бағасы жыл басынан дүркін-дүркін өскенін елордалық Мақпал Омарованың отбасы қатты сезінді. Жоспарда басқа да шығындар тұрғанда, қымбатшылық қалтаны қақты дейді.

Мақпал Омарова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Продуктының өзі күннен күнге қымбаттап жатыр. Бүкіл жерде айтылып жатыр ғой, анау қымбаттады, мынау қымбаттады деп. Соның барлығын есептегенде кәдімгідей сезіледі.

Соңғы есеп бойынша, азық-түлік инфляциясы 10,9 пайыз болған. Үкімет жыл бойы бағаны тұрақтандырамыз деп келеді. Кейінгі кездері, тіпті, баға түскені туралы ақпарат таратып жүр. Қаншаға дейсіз ғой?

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Осы аптада бағалар 19 әлеуметтік маңызы бар тауар бойынша 0,2 пайызға төмендеді.

0,2 пайызға төмендегені, былайша айтқанда, өсімнің тоқтағаны ғой. Бірақ бұл өткен аптамен салыстырғандағы статистика ғана. ГРАФИКА: Ал халық көп тұтынатын тауарлардың бөлшек саудадағы бағасы қаңтар мен қарашада былай өзгерді: жыл басында келісі орта есеппен 240 теңгеден сатылған жоғары сұрыпты ұн қарашада 259 тг болды. Вермишель 347 тг еді, қазір – 380 тг. Рожки 334 тг болса, соңғы деректе 366 тг-ден сатылғаны жазылады. Қарақұмықтың келісі 443 тг болыпты, ал бүгін базардағы орта бағасы – 514 тг. Күнбағыс майы 611 тг еді, қазір, тіпті, 767 тг жеткен. Қаңтарда ғана келісі 2066 тг-ден саудаланған сиыр еті, осы күні 2239 тг тұрады. Картоп келісі 120 тг болған, енді – 138 тг. Қырыққабат 91 тг еді, қазір 120-дан сатылады. Сәбіз 115 тг-ден 150-ге дейін жетті. Неге?

 Андрей Чеботарев, Finance.kz telegram-арнасының авторы:

Біздегі азық-түлік қымбатшылығына негізінен күн райы мен импортқа тәуелділік әсер етеді. Азық-түліктің көбін біз сырттан сатып аламыз. Ал дағдарыс кезінде жаһандану үдерісі тоқтап, елдер экономикасын оқшаулай бастады. Яғни бәрі алдымен өзін қамтамасыз етуді ойлайды. Артылғанын ғана шет елге сатады. Мысалы, жазға қарай картоп тапшылығы болғаны естеріңізде ғой?! Оның үстіне қуаңшылық қосылды. Ол Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде болған құбылыс. Осы үрдістер ендігі жылы да болуы мүмкін.

Ғалым Әміреев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Бізде жоспарлы жұмыс жоқ. Біз салдарымен айналысамыз. Мысалы, жазда картоп, сәбіздің бағасы 500-600 тг болып кетті. Сол кезде біз артынан жүгіріп, бір жерден сатып алып, іздеп, ол екі ортада уақыт өтіп кетті, 1 айдай. Біз бағаны тұрақтандыра алмадық. Сондықтан жарты жыл, бір жыл бұрын жағдайды біліп отыруымыз керек. +06,57 Болжамды-талдамалы ақпараттық орталық жасау керек деп отырғаным сол. Бір жерден, бір қолдан шығуы керек. Ол айтып отыруы керек, тұрақтандыру қорларына да, азық-түлік корпорациясына да, ананы сатып ал, картопты сатып ал, қырыққабат сатып ал.

 Андрей Чеботарев, Finance.kz telegram-арнасының авторы:

Сол картоп тапшылығы болатыны наурыз айынан белгілі болған. Өйткені Тәжікстан мен Өзбекстанда картоп өнім бермеген еді. Соны біле тұра ешкім қимылдамады. Сөйтіп мамырда өз картобымыз таусылғанда, қайдан сатып аларымызды білмей қалдық. Қазір үкімет әр сенбі сайын азық-түлік бағасын реттеу бойынша жиналыс өткізеді. Бірақ бұл, менің ойымша, бағаны реттеуден бұрын жаңағыдай тауардың тапшылығы, оның күрт қымбаттауы секілді қатерлердің алдын алу үшін өтетін жиынға ұқсайды.

Қаржы сарапшысы нарықтық экономикада бағаны тұрақтандыру дұрыс емес әрі мүмкін емес екенін айтады. Алайда мемлекет әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің бағасын реттейді. Ол үшін арнайы әкімшілік құралдары бар. Осы туралы неше сюжет жасасақ, сонша рет бағаны тұрақтандыру үшін алдағы үш жылда 24 көтерме-тарату орталығы салынады деген үкімет жоспары айтылады. Ол не өзі?

 Мақсат Тұрсынбеков, ҚР СИМ ішкі сауда департаменті директорының орынбасары:

Инфрақұрылымды құру оңтайлы баға белгілеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді және көкөніс өнімдерінің бағасын 10-15%-ке төмендетеді және бағаны одан әрі тежеуге жағдай жасайды. Мысалы, егер маусымаралық кезеңде қазіргі баға белгілеу кезінде картоптың құны бір килограмм үшін 200-ден 350 теңгеге дейін құраса, онда КТО іске қосу кезінде біз бағаны 150-200 теңгеге төмендете аламыз. Яғни картоптың бағасы 110 теңгені құрайды.

Расында, тым құрығанда «әлеуметтік маңызы бар» деп белгіленген азық-түліктің бағасы реттелуі керек. Қымбатшылық – тек экономикалық мәселе емес қой.

Айсұлу Молдабекова, әлеуметтанушы:

Бізде мынадай өлшем бар, халық өзінің табысының қанша пайызын тамаққа ждұмсайды. Мысалы, дамыған елдерде 10, 12, 20 пайызын жұмсайды. Ал бізде пандемияға дейін 40 пайыз, көп болса 45 пайыз еді. Қазір бұл 50 пайыздан асып кетті, кейбір үлкен қалаларда 60 пайызға дейін халық өзінің тапқан табысының көлемін тамаққа жұмсайды. Сонда басқа позициялар бойынша тіпті төмендеп кетеді де, халық күнкөріс үшін жұмыс істейді. Бұл елдегі кедейшілік деңгейін жоғарылатады.

Елдегі әр отбасы табысының жартысынан көбін ішіп-жемге жұмсайтыны, тіпті, ресми зерттеуде жазылғанын бұған дейін де айтқанбыз. Әйтеуір, жауаптылар – оптимист. Бірақ бағаны ырықтандырамыз деп бәрібір айта алмайды.

Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:

Келесі жылға біз оптимизммен қараймыз. Бірақ бағаның өсуіне әсер ететін факторлар әлі де көп.

Мақпал Омарованың отбасы тамызда төрт қабырғасы ғана қаланған, яғни бірден қоныстануға келмейтін осы пәтерді сатып алған. 14 жарым миллионға. Сөз басында айтқан «жоспардағы шығыны» – осы.

Мақпал Омарова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Біз мына үйді черновой түрінде алдық. Бұған құрылыс материалдары екі есе өскен. Саудагерлердің өздері де айтты осылай қымбаттады деп барлығын. Жалпы үйдің квадраты 48 кв. Осыған 3 млн кетті. Жартысынан көбі кредитке алынған.

Құрылыс бригадасының да еңбегі қымбаттап кеткен. Сондықтан түгелін өздері жөндепті. Өткен айда көшіп алдық дейді. Бірақ бітпей тұрған жерлері бар. Ақшаның ыңғайына қарап отыр. Кей құрылыс заттарының қымбаттауына әлемдік нарықтағы бағаның өсуі әсер еткені жазда жасаған сюжетімізде де айтылған.

 Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

Бүкіл әлемде де қымбаттап жатыр, бірақ бізде құрылыс заттарының қымбаттауы басқа елдерге қарағанда үлкен. Кейбір заттар 200 пайызға қымбаттады, 100-ден астам пайыз қымбаттап жатыр. Басқа мемлекеттерге қарасақ, еуропа мемлекеттерінде 10 пайыз, АҚШ 5-6 пайыз.

Ал жауапты министрлік өкілі құрылыс маусымы аяқталып, сұраныс азайғалы құрылыс материалдары арзандай бастағанын алға тартады. Бірақ баға жыл басындағы деңгейге қайта қоймас...

Мұхамед Андаков, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басқарма басшысы:

Құрылыс материалдарының өсетін уақыты шілдеге тура келді. Қазір қараша айымен салыстыратын болсақ, ресми статистиканы, құрылыс материалдарының бағасы кейбір позициялар бойынша 10-15, 23 пайызға дейін төмендеді. Қарашамен шілдені салыстырғанда. Ал қаңтармен салыстырсақ, әрине, өсім бар.

Құрылыс материалдарының бағасы өсуі, айналып келіп, тұрғын үйдің қымбаттауына әкеледі. Біз электрэнергиясының тарифін, жанар-жағар май мен тасымал құнын айтпай отырмыз. Олар да бәріне ықпал ететіні белгілі. Әйтеуір, нарықтағы әр тауар мен қызметтің бағасы бірін-бірі жоғары қарай итеріп келеді. Бұл әрине, халықтың тұрмысына әсерін тигізбей қоймайды.

 Айсұлу Молдабекова, әлеуметтанушы:

Біз әлеуметтік зерттеу жасағанда халыққа қиындық туғызатын бұрында жылжитын-жылжымайтын мүлік еді, ал қазір тұрмыстық техниканың өзін сатып алу қиынға соғуда. Тұтынатын тауарлары қымбат болса, өзін шектейтін болса, тұрмыс жағдайы төмендесе, әрине, біздің халықтың әлеуметтік көңіл күйі бұрынғыдай болмайды. Бұл жағдайдан шығар жол – халықтың табысын, кіріс көлемін көбейту.

Данияр Қайыртай, тілші:

«Осы инфляция деңгейі тұрақты болып қала ма, әлде бұл уақытша құбылыс па?» Қазір әлемді алаңдатып отырған басты сауал осы дейді сарапшылар. Батыс елдері мұны уақытша инфляция деп бағалапты. Әйтсе де, 2022 жылдың да басты тақырыбы инфляция болатыны қазірден болжанып отыр. Тағы да бәрі қымбаттайды деген сөз. Тағы да экономистер, әлеуметтанушылар және қиналып отырған отбасыларды сөйлетіп сюжет жасау жалғасады деген сөз. Ал оптимистердің оптимизміне сенейік десек, бейнелеп айтқанда, ТЭН жоқ. ТЭН деп тұрғанымыз корей азаматының фамилиясы емес. "Техника-экономикалық негіздеме".

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу