Биыл Қызылорда облысы мен Батыс Қазақстан құрғақшылықтан қатты зардап шекті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Қызылорда облысы мен Батыс Қазақстан құрғақшылықтан қатты зардап шекті

26.12.2021

Қуаңшылық. Қураған дала. Қырылған мал. Биыл Қызылорда облысы мен Батыс Қазақстан құрғақшылықтан қатты зардап шекті. Қиналған жұрт қарасын аман алып қалу үшін қыр асып, шүйгін шөп болмаса да қылтанақ өсетін аймақтарға қоныс аударуға мәжбүр болды. Айлап иен далада мал бақты. Әуелде құзіретті органдар қауқарсыздық танытып, еш көмек қылмағандықтан ел азаматтары тізгінді өз қолдарына алды. Асарлатып азық дайындап, вагон-вагон шөп жөнелтті.

Құрмет Талапқазы, Түркістан облысының тұрғыны:

Көп кісілер сенбеді бұған. Бұныңнан ешқандай шанс, көмек шықпайды, босқа әуре болып жатырсың деді көп бөлім кісілер. Көмектеспесе де мен әйтеуір бастаған екем соңына дейін сол жерге 1 ай болсын жалғыз өзім болсын орып, жем-шөп жіберу ойымда болды. Құдайға шүкір осы халықтың арқасы, барынша көмек әртараптан қолдан келгенше көмек жіберілді. 500 вагонның үстінде.

Кейін мемлекеттік мекемелер де қозғала бастады. Құрғақшылықтан зардап шеккен облыс тұрғындарының мал азығын сатып алуға жұмсаған ақшасын өтеуге Үкімет Резервінен 3,6 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттерден жем-шөп сатып алу құнын арзандатуға 13,6 млрд. теңге бөлінді. Құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлердің кредиттерін ұзарту жүзеге асырылды. Темір жол көлігімен мал азығын тасымалдауға жеңілдетілген тарифтер қолданылып, өңірлерге азық дайындау мақсатында қосымша 43,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Сондай-ақ, шабындық жерлер мен жайылымдарды кеңейту мақсатында өңірлер арасында байланыс орнатамыз дейді министрлік өкілдері.

Дамир Егізбаев, ҚР АШМ баспасөз хатшысы:

Бірінші кезекте жайылымдарды тиімді пайдалану бағытында жұмыстар жүргізіледі. Малдары жоқ болып, жайылым жерлерді иеленіп отырған шаруашылықтарды анықтап, олардан жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару жұмыстары жүргізіледі. Мал азығы қорын жасақтау мақсатында, суармалы жерлерге екпелі шөптерді өсірумен айналысуға бет бұрған қожалықтарды қолдау.

Күні кеше Маңғыстау облысында арзандатылған жем-шөп қорының алғашқы бөлігі сатылымға шығарылды. Бағасы нарықтан 15 пайыз төмен.

Құмар Нұрпейісова 5 жылдан бері асыл тұқымды ешкі бағып келеді. Қуаңшылық басталғалы малының жартысы қырылды. Шаруашылықтағы аналық мал басына 253 мың теңге көлемінде бір реттік көмек берілді. Алайда ол қаржы шығынын өтеуге жетпейді. Жалпы шаруа ай сайын шөпке-300 мың теңге, жемге-100-150 мың теңге жұмсап отыр.

Құмар Нұрпейісова, шаруа қожалығының иесі:

Кеше сразу 200 қап түсірдім ғой бидайдан. Өйткені малым уже алдымыз қыс болғаннан кейін. Алдын ала тағы қымбаттап кетер деген оймен машинамды сатып жібердім құрсын, малды аман-есен әйтеуір көктемге жеткізуіміз керек. Көктемде шөп шығады ау деген үміт та. 

Қазір өңірде, 1 орама шөптің құны кей жерлерде – 20мың теңге. Бір қап арпаның ең арзаны-4400 теңге, ал бидай-4600 теңгеден сатылуда.

Құмар Нұрпейісова, шаруа қожалығының иесі:

Жемнен арзандатылған арпа бидайдан алдым ол да шектеулі ғой. Енді ол да сол 1 айға жететін жобамен алдық. Сол екі рет келді да, енді тағы келетін шығар деген үмітпен күтіп отырмыз, арзандау жемді. 

Жергілікті билік тарыққан жұртты тығырыққа тіремес үшін мал азығына шекті баға бекітіп қойдық деп отыр.

Қазбек Тәшімов, Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Операторларға шекті баға белгіленді. Яғни, айтатын болса, 1 кг шөпші -65 теңгеден асырмауға тиісті. Сонымен қатар жемнің бағасын кебектің бағасын -101 теңгеден артық сатпауға тиісті. Күні бүгінге одан да арзан сатылып жатқан жағдайлар бар. 20 кг дық кебек -1900 теңгеден яғни -95 теңгеден сатылып жатыр. белгіленген баға 101 теңге болғанмен 95 теңгеден сатылып жатыр. 

Дегенмен мал бағып жанын асырап отырған шаруалар бұл көмекті теңізге тамызған тамшыдай деп бағалайды. Белсенділері осы аптада батыс халқының аманатын арқалап министрдің қабылдауын талап етті, министр кездескен.

Әділбек Сағындықов, шаруа қожалығының иесі:

Маңғыстау халқы сізге ашуланып, мал ашуы жан ашуы. Қанағаттанып отырған жоқ. Сондықтан сіз, Ереке, жұмысыңызды ширатып, Маңғыстауға көмектесіп, қыстан қалған малды аман алып шығуға бір күшті жұмыс жасамасаңыз қызметіңізден бас тартсаңыз. Орныңызға дұрыс маман келсе. Халыққа, шаруаға жаны ашитын. Басқа айтарым жоқ. Маңғыстау халқының аманаты осы.

Шаруалар қырылған мал басының саны туралы ақпарат та шындыққа жанаспайды деп отыр.

Министрліктің мәліметі бойынша Маңғыстау облысында 1304, Ал Қызылорда облысында 596 бас мал аштан өлген.

Әділбек Сағындықов, шаруа қожалығының иесі:

Маңғыстаудағы ендігі қалған былтырғымен салыстырғанда биыл қазір малдың 4/1 бөлігі қалды. Қалғаны өлді десем ол өтірік болмайды. Оның ішінде өлгені бар. Не баға талмай Ақтөбе басқа өңірлерге сатып жібергені бар. Не жағдайы жеткен адамдардың басқа өңірлерге көшіріп алып кеткендері бар.

Ал, министрлік мамандары малдың нақты санын адамдардың өздері жасырып қалады дегенге келтіреді. Яғни, қорадағы малының біраз бөлігін уақытылы есепке қоймағандықтан оларға бөлінетін қаржы да аз есептеледі.

Дамир Егізбаев, ҚР АШМ баспасөз хатшысы:

«Ауыл шаруашылғы жануарларын бірдейлендіру» деректер базасында 2020 жылғы төлдерді есепке алу үшін арнайы «Жасыл дәліз» ашылды. Нәтижесінде республика бойынша 1 154 716 бас ауыл шаруашылығы жануарлары. Қуаңшылыққа байланысты Маңғыстау облысы үшін 2021 жылғы 10 тамыз бен 20 қазан аралығында «Жасыл дәліз – 2» ашылып, 72 539 бас ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелді.

Дегенмен мәселе әлі шешілген жоқ. Және алдағы жылы қалай болатыны белгісіз. Малдың аштан қырылған суреттері тарап, проблема шарықтау шегіне жеткенде «Қалай сонда, биыл қыс пен көктемде ылғал аз түскенін білді, ешқандай қам қылмаған ба?»- деген сауалды біздің бағдарламада қойғанбыз.

Парламенттегі әріптестер іліп әкетті:

Дана Нұржігітова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қуаңшылықтың болатынын алдын ала болжауға болмас па еді? Синоптиктермен байланыста болатын арнайы қызмет бар ма сіздерде? Біз неге ел болып асар жариялап малға шөп жинап жүрміз?

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі /25.02.2019ж-10.07.2021ж/:

Синоптиктерден қазгидрометтен барлық уақытта біз ондай ақпаратты алып отырамыз. Бірақ енді бұрынғы кезде көбінесе бұл мәселені егіс алқаптары бойынша алып отырғанбыз. Енді бұдан кейін жайылымдар жөнінде де алатын боламыз.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қар мен жаңбырдың түсуіне орай жайылымдарға шөп шығып, шықпайтынына болжам жасамайды деп ойламағандықтан, мына жауапты естіп сасқалақтап қалған едік. Президент те көп ұзамай министрді нақ осы қуаңшылыққа байланысты қызметінен босатты.

Алайда, орнына келген Ербол Қарашөкеев әріптесінің уәдесін ұмыт қалдырған тәрізді. Болжамды қазгидрометтен емес алдына шағым айта келген шаруалардан сұрады.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Ең маңыздысы көктемде, қыстың басында қар қалай болады? Қар жатты ма? Қалай болып жатыр қар?

Әділбек Сағындықов, Маңғыстау облысының тұрғыны:

Ереке, бүкіл Қазақстан бойынша қар жоқ. Ендігі жылға дайындала беріңіздер. Астанадан да көріп тұрсыздар ғой. Оңтүстік жақ вообще қиын. Қар түгіл жаңбыр жауған жоқ Маңғыстауға.

Министр шаруаларға жуырда өңірге арнайы комиссия жібереміз, бюджеттен ақша сұрауды ерте бастаймыз деп уәде берді.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

5 қаңтарда онда депутаттармен келісіп, комиссияны жібереміз. Қаңтардың басынан бастап резервтен ақша сұраймыз. Ол негіздемені облыстық акимат береді. Сосын біз оның бәрін дұрыстаймыз да хатты қаржы министрлігіне жібереміз.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қорыта айтқанда, қарлы боран емес, шаңды дауыл соққан аймақтарда қанша мал қыстан аман шығатыны белгісіз. Келер жыл қалай болары тағы беймәлім. Қар мен жаңбыр туралы болжам айту қиын шығар, дегенмен Қазгидрометтен қиылып мәлімет сұрағанбыз. Болжам келесі аптаның сейсенбісінде дайын болады деп тұрып алды. Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазгидрометтен ақпар алуды ұмытпаңыздар. Және шөлейтті аймақтардың берекесі қашып, экологиялық ахуалдың нашарлай беретінін де білесіздер деп үміттенеміз.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу