Семей сынақ полигоны аумағы алғаш рет заңмен реттелмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семей сынақ полигоны аумағы алғаш рет заңмен реттелмек

23.12.2021

Курчатовқа ғылым қаласы мәртебесін беру заңмен реттелуі керек. Бүгін Мәжіліс комитетінде «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» туралы заң жобасы талқыланды. Депутаттар мен жауапты орган өкілдері сынақ полигоны аумағын мемлекет тарапынан бақылауға алу мәселесін көтерді. Радиацияланған аймақтарды анықтап, оны оңалтып, шаруашылық айналымға беру көзделіп отыр.

Семей ядролық полигоны 1991 жылы жабылды. Алайда ұзақ жылдар бойы жасалған 456 сынақтың зардабы ауыр болды. Жойқын жарылыс Жапонияның Хиросима қаласына тасталған ядролық қару қуатынан 250 еседей көп. Сондықтан салдары созылмалы.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әлі күнге дейін Семей сынақ алаңының нақты шекарасы белгіленбеген. Яғни жергілікті әкімдіктер Жер кодексі бабының 143 тармағын қатаң сақтай алмайды. Сондықтан жалпы Семей сынақ алаңының шекарасын анықтап, бекіту қажет. Радиация әсері жүздеген жылдарға созылатыны белгілі. Осыған орай кешенді экологиялық зерттеулер белгілі бір уақытта қайта жүргізіліп отырған абзал. Бұл норманы да заң жобасында қарастыратын боламыз.

Құжат «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» деп аталады. Сынақ полигоны жабылғалы алғаш рет заңмен реттелмек. Әрине 30 жыл бойы жарылыс инфрақұрылымын жою жұмыстары жүргізілді. Ауада және жер үстінде өткізілген 116 уытты тәжірибе алаңы залалсыздандырылды.

Бірақ қатер әлі бар. Полигон жерлері Шығыс Қазақстан, Павлодар мен Қарағанды облыстарының шекараларында жатыр. Тұрғындар ластанған алаңдарға кедергісіз кіріп-шығып жүр. Сол маңның ашық-шашық қалуы радиоактивті қалдықтардың таралуына соқтыруы бек мүмкін. Мұның бәрі заң жобасында ескерілген.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрі:

Радиоактивті қалдықтардың таралуын болдырмау, нормативтен тыс ластануға ұшыраған аумақтарды оңалту, тарихи қалыптасқан радиоактивті қалдықтарды сақтау пунктін құру, радиациялық жағдайға үздіксіз мониторинг жүргізу, полигонға іргелес аумақтарды кешенді экологиялық тексеруді орындау.

Экологиялық тексеруден бөлек, Курчатовқа ғылым қаласы мәртебесін беру ұсынылды. Бұл ұлттық ядролық орталық кадрларын дайындау және олардың әлеуметтік мәселелерін шешуде өзекті. Ресейде ондай 13 қала бар.

Ерлан Батырбеков, Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры:

Курчатов қаласында әлеуметтік инфрақұрылым ақсап тұр. Бұл мамандарды тартуға тосқауыл. Егер медициналық, білім беру және мәдени нысандарды салуға қосымша қаржыландыру заңға енгізілсе жөн болар еді. Бұл ұлттық ядролық орталық қызметкерлері мен отбасының өмір сапасын жақсартады.

Радиоэкологиялық жағдайдың жүйелі бағамдалмауы шаруаларды барынан айырып отыр. Яғни, ластанған және таза аумақтарды ажырату қажет. Сарапшылар сондай кәдеге жарамды жерлер құр тозып жатқанын айтады.


Хабарламаларға жазылу