«Омикрон»: Әлемдегі эпидахуал қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Омикрон»: Әлемдегі эпидахуал қандай?

23.12.2021

Ұлыбританияда мереке алдында локдаун енгізілмейді

Ұлыбританияда пандемия басталғалы бері коронавирус жұқтырғандардың саны алғаш рет 100 мыңнан асты. Індеттің өршуіне «омикрон» штамының тез тарауы себепші. Британ үкіметі мереке алдында локдаун енгізу жоспарда жоқ екенін мәлімдеді. Дегенмен Жаңа жылдан кейін эпидахуал ушықса, қажетті шектеу шаралары қабылданатынын жоққа шығармады.

Испанияда тұрғындар көшеде маска тағып жүруге міндеттелді

Испанияда көшеде маска тағу қайта міндеттелді. Сонымен бірге ковидке қарсы вакцина салу науқаны да жеделдетілді. Бұл шаралар «омикронның» тарауын тоқтатуға бағытталған. Айта кетсек, Испанияда халықтың 80 пайыздайы індетке қарсы иммундалған. Дегенмен «омикрон» өршіп, коронавирус тәулігіне 50 мыңға жуық адамнан табылып отыр.

Педро Санчес, Испания премьер-министрі:

Бұл - 2020 жылдың наурызы немесе былтырғы Рождество кезі емес. Бақытымызға орай, басқа уақытта өмір сүріп жатырмыз. Испан қоғамының 90 пайызы вакцина салдырған. Ал былтыр ешкім иммундалмаған еді. Енді шектеу шаралары қайта күшіне енеді. Көшеде маска тағып жүру міндетті. Бәріміз локдаундардан шаршадық. Бірақ өз стратегиямызға сенуіміз қажет

Бельгия Рождестводан кейін шектеу шаралары күшейтіледі

Бельгияда Рождество мерекесінен кейін «омикронның» тарауын тежеу үшін шектеу шаралары күшіне енеді. Кинотеатр, театрлар жабылады. Бұған қоса, футбол матчары мен өзге де спорттық шаралар көрерменсіз өтеді. Ел үкіметінің мәліметінше, ковидке шалдыққан науқастардың 30 пайызынан «омикрон» штамы табылған.

Арай Төлегенқызы


Омикрон Әлемдегі эпидахуал

Хабарламаларға жазылу