ДДСҰ: «Омикрон» әлемнің 106 еліне жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ДДСҰ: «Омикрон» әлемнің 106 еліне жетті

22.12.2021

«Омикрон» Жапония мен әлемнің 100-ден астам мемлекетіне жетті. Және де бұл штамм Еуропа елдерінің басым бөлігіне тарай бастаған. Солардың ішінде Ресей мен Түркия бар. Ал, Израиль одан қорғану үшін тұрғындарына тіпті вакцинаның 4-ші дозасын салуды жоспарлап отыр. Тақырыпты тілшіміз жалғастырады.

ДДСҰ: «Омикрон» әлемнің 106 еліне жетті

Коронавирустың «омикрон» штаммы әлемнің 106 еліне жетті. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хабарлап отыр. Дегенмен, ковидтан өткен аптада жер шарында қайтыс болғандар саны 9 пайызға азайып, 45 мыңмен шектелген.

Бұл вирус 2019 жылдың соңында Қытайда анықталды. Содан бері коронавирусты планета бойынша 273 миллионнан астам адам жұқтырып, 5,3 миллиондайы қаза тапқан.

«Омикрон» болса, қараша айының соңында алғаш рет Оңтүстік Африка мен Ботстванада табылды. Зерттеушілер оның «дельта» штамынан тез тарап жатқанын мәлімдеп отыр. Бірақ, «омикронның» өзге түрлерден қаншалықты қауіпті екені жөнінде әзірге ақпарат шамалы.

Алда Рождество мен Жаңа жыл. Осыны ескеріп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем жұртшылығын бірінші орынға мерекені емес, өмірді қоюға үндеп отыр.

Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы:

«Кейбір жағдайларда мерекелерді доғарған немесе кейінгі қалдырған жөн. Тойды тоқтату өмірді тоқтатудан артық қой».

Байден "Омикронмен" күрес жоспарын жария етті

АҚШ-тың федералдық үкіметі америкалықтарға ковидті анықтауға арналған 500 миллион дана экспресс тесті тегін таратпақ. Бұл турасында президент Джо Байден мәлімдеді. Және де Америкада «омикронмен» күрес шаралары аясында ауруханаларға көмекке әскерилер жұмылдырылмақ.

Ақ үй басшысының сөзінше, елде әзірге локдаун енгізу жоспарланып отырған жоқ.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

«Омикронға қаншалықты уайымдауымыз керек? Ол өте тез тарап жатыр. Сондықтан, жауап қарапайым ғана:егер сіз толық вакциналанбаған болсаңыз, алаңдауға негіз бар».

«Омикрон» еуропаның 38 еліне жетті

Дегенмен, екпе салдырғандар мен коронавирустан айыққандарға да жұғып жатқан «омикрон» Еуропа континентіндегі 53 мемлекеттің 38-нен табылды. Солдардың ішінде Түркия мен Ресей бар. Эпидемиялық қауіп тағы да күшейгендіктен, Германия, Португалия, Финляндия, Нидерланды, Ұлыбритания карантиндік шектеулерді мереке қарсаңында қайта жариялап жатыр.

Жасы 60-тан асқандарға вакцинаның төртінші дозасы салынбақ

Израиль болса, жасы 60-тан асқан тұрғындарына "Файзер" вакцинасының 4-ші дозасын салуды жоспарлап отыр. Бұл елде сейсенбі күні "Омикроннан" бір адам жан тәсілім етіп, осы штамды жұқтырғандар 340-тан асып кеткен.))

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу