Ұлттық арна тұралап қалған мектеп мәселесін көтергеннен кейін құрылыс қайта жанданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна тұралап қалған мектеп мәселесін көтергеннен кейін құрылыс қайта жанданды

21.12.2021

Ұлттық арна тілшілерінің проблеманы жіті зерттеп, құзырлы орындарға жеткізе білгенінің нәтижесінде Түркістан облысындағы тұралап қалған мектептің құрылысы қайта жанданды. Қазынадан қосымша қаржы бөлініп, қараусыз қалған нысанда қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Апатты жағдайдағы ғимаратта оқып жатқан ауыл балалары келесі жылы білімдерін жаңа мектепте жалғастырмақ.

Бастауыш сыныптар оқитын мына ғимарат кезінде тұрғын үй үшін салынған. 40 жыл бұрын тұрғызылған баспананың қазір қабырғалары жарылып, төбесіндегі бетон жабындылары құлаудың аз-ақ алдында тұр. Ал ауылдың 600 дей ересек баласы көрші ауылдың мектебінде оқуға мәжбүр. Оның өзі жатақхана үшін салынған. Талапқа сай емес.

Нұрлан Әшіров,  мектеп директоры:
Білім алу толыққанды емес ғимаратта. Мысалы, екі ауысымда оқимыз. Бөліп оқыталатын пәндерге кабинеттер жетіспейді. Зертханалық кабинеттер жоқ.
Қазынаның жарты миллиард теңгесі жұмсалған ғимарат шатыры жабылмаған күйі бес жыл қар мен судың астында тұрды. Ауыл азаматтары құрылыс материалдарын өзгелер ұрлап кетпесін деп осы кезге дейін нысанды өздері қарауылдап келеді. Құрылысшылар қалқайып қабырғасы ғана тұрған ғимараттың қазір шатырын жабуға әрекет жасап жатыр. Оншақты техника мен 70-ке жуық адам еңбек етуде. Құрылысты аяқтауға биыл 82 миллион теңге бөлінді.

Қанат Смағұлов, Мердігер компанияның учаске басшысы:
Қабылдап алған кезде үшінші қабатына дейін қаланып тұрған. Сейсмобелдеу құйылмаған еді. Соны құйдық. Биылғы жылы шатыры жабылып, терезелері қойылады.
Жаңа білім ұясы 300 оқушыға лайықталған. Мектеп құрылысының қайта қарқын алғаны ауыл халқының көңілін серпілтіп тастады.

Әбдіәкім Аманов, ауыл биі:
Ауылға көрік береді әрі балалардың көзі ашылады. Мұның ішінде нешебір компьютерлер бар. Қысты күні физкультура залы бар. Болашақта осы жас балалардан үміт күтіп отырмыз ғой.
Құрылыс әзірге кестеге сай жүруде. Мердігер компания осы қарқынынан жаңылмаса «Ынтымақ» ауылының балалары келесі оқу жылын сәулетті ғимаратта бастамақ.

Хабарламаларға жазылу