Қостанай облысында жылына 4 мың тоннаға дейін ет өңдейтін кәсіпорын ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында жылына 4 мың тоннаға дейін ет өңдейтін кәсіпорын ашылды

21.12.2021

Қостанай облысының Қарабалық ауданында жылына 4 мың тоннаға дейін ет өңдейтін кәсіпорын ашылды. Бұған дейін мұнда 20 мың ірі қара ұстайтын бордақылау алаңы іске қосылған еді. Соның арқасында ет комбинатын жыл он екі ай тоқтаусыз шикізатпен қамтуға мүмкіндік бар.

Жаңадан ашылған ет комбинатында 40 адам еңбек етеді. Олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Қуаныш Қазаева осындағы өңдеу цехының технологы. Оның міндеті сойылған малдың етінің сапасын тексеру. Әзірге кәсіпорын етті бөлшектеп вакумдалған, мұздатылған күйінде дайындайды. Сұранысқа сай тұтас немесе мүшелеп те саудалайды.

Қуаныш Қазаева, Өңдеу цехының технологі:
Қазір мысалы соғым уақыты. Сондықтан біз жылқы, сиыр етін дәстүрлі түрде мүшелеп бөлеміз. Оның ішінде қазы-қарта, жал жая, омыртқа, яғни табақ тартуға қажет мүшенің бәрі бар.
Жоба құны 400 млн теңге. Қуаты бір ауысымда 70 ірі малды, яғни жылқы немесе сиырды союға жетеді. Әзірге өнім еліміздің ірі қалаларындағы кәсіпорынның өзіне тиесілі дүкендерде саудаланады. Алайда табиғи таза өнімге сұраныс көп. Тіпті Ресей, Қытай, БАӘ –рі тәрізді алыс жақын шетелдер де қызығушылық танытып отыр.

Сергей Оржеховский, Өндіріс технологі:
Әрине, олардың ішкі нарығында да бәсекелестік жоғары. Алайда шетелдіктерді біздің өнімнің табиғи тазалығы қызықтырады. Себебі бұл далада еркін жайылған, химиялық қоспасыз таза жем жеп қоң жинаған малдың еті.
Сою цехына мал осы кәсіпорынға қарасты бордақылау алаңынан әкелінеді. Олардың басым бөлігі абердин-ангус, әулиекөл және қазақтың ақ бас сиыры тәрізді етті тұқымдар. Әрқайсы 220-дан 250 келіге дейін таза ет береді.

Арман Есмұрзин, Бордақылау алаңының директоры: 
Малды жеке адамдар мен фермерлік шаруашылықтардан сатып аламыз. Асыл тұқымды мал тапсырғандарға мемлекет әр келісіне 200 теңге субсидия төлейді. Сондықтан оларға бұл өте тиімді. Алайда бордақылау алаңындағы түліктің басым бөлігі өзіміздің асыл тұқымды сиырлар.
Бордақылау алаңы ет комбинатының шикізаттан тарықпай толық қуатымен жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Кәсіпорын келешекте шұжық пен консервіленген ет шығаруды көздейді.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу