Оралда бақташыдан басшылыққа дейін көтерілген еңбекқор шаруа тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда бақташыдан басшылыққа дейін көтерілген еңбекқор шаруа тұрады

14.12.2021

Бақташыдан басшы деңгейіне көтерілген еңбекқор жан. Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының тұрғыны Нұржан Лесов мал ұстап қана қоймай, балық, құс та өсіреді. Шекара шетіндегі елді мекеннен кетпей, еңбек етіп отырған шаруа ауылдастарына жем-шөппен көмектесіп, қолұшын береді. Бағын еңбектен тапқан кәсіп иесі жайлы Ардақ Мұратқызының сюжетінде.

Қарапайым бақташы сулы, нулы жерден жеті жыл бұрын шаруашылық ашқан. Көп сөзге жоқ жігіт ағасы іске мығым. Өз күшімен техника алып, қора салып, асылтұқымды ангус малын көбейтіп отыр.

Нұржан Лесов, шаруа:

Халықтың малын бақтым 300 бас. Одан кем баққан жоқпын. Сосын 500 бас қой. Соның арқасында мал жинадым. Малды өзім бағып жүрдім, қойды қасымда көмекшім болды. Содан ай сайын ақшасы ауысып тұрды бұзау-сиыр алуға. Соның арқасында жайлап-жайлап қорамды малмен толтырып алдым.

Шаруа жігіт иесіз қалған тоғанның түбін тазалап, жағалауын бекітіп, бөгет салған. Биыл 4 мың шабақ жіберіп, өсіріп, жаз бойы пайдасын көрді. Айналасына тал егіп, жасыл желекті жайқалтып қойдыы. Бұған қоса, 400 бас қаз ұстап, оны да кәдеге жаратқан. Еңбекқор отбасы қай кәсіпті де жатсынбайды.

Әсел Кампашева, шаруаның жұбайы:

Мамыр айында 400 балапан алдық. Барлығы да өсті. Сойып сатылымға шығардық, өзіміз жеп жатырмыз, қалаға тума-туысқа жібердік. Бағуға болады жалпы. «Еңбектің наны тәтті» дейді ғой, жақсы пайдасын көрдік.

Ауылдастары адал еңбегімен аты озған отбасыны қайырымдылығы үшін де қадірлейді. Қиналғанға қол ұшын беріп, ауылдың көркеюіне үлес қосып келеді.

Жайдарлы Жұрманова,  ауыл тұрғыны:

Нұржан ағайдың бір ерекшелігі – ауылда кісілер көмек сұрап келсе, көмегін аямайды. Ауылдық жерде тұрғасын, жолда батып қалады, сол жерге техникасын береді. Шөп жағынан жақсы көметеседі. Сосын балабақшаға жақсы демеуші болып жүр. Ойыншық, кілем, шаңсорғыш, жалпы керек-жарақпен қамтамасыз етіп отыр. Мектепке де демеушілік жасап отыр.

Күні-түні төккен терден бағын тапқан шыңғырлаулық шаруаның еңбек жолы – көпке үлгі, өскелең ұрпаққа өнеге.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу