Мемлекет басшысы әртүрлі салада табысты еңбек еткен азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы әртүрлі салада табысты еңбек еткен азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады

13.12.2021

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әртүрлі салада табысты еңбек еткен азаматтарды мемлекеттік наградалар және сыйлықтармен марапаттады. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы, «Отан», «Барыс», «Даңқ», «Парасат», «Достық», «Құрмет» ордендері сынды жоғары дәрежелі сыйға түрлі салаларда еңбек етіп елдің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтар ие болды. Ақордадағы салтанатты рәсімге куә болған Альбина Әшім жалғастырады.

Альбина Әшім, тілші:

Ақордада бүгін абыр-сабыр. Ең үлкен салтанат залы есігін айқара ашып, қызыл кілем төселді. Әдетте бұл жерде өзге ел президенттері бар құрметпен қарсы алынады. Ал бүгінгі меймандардың орны ерек.

Дәрігер, ұстаз, ғалым, ақын-жазушы, спортшы, қарапайым жұмысшы, мемлекеттік қызметкер мен кәсіпкер. Ұлт саулығы, саналы ұрпақ пен сапалы өмір үшін жауап беретін азаматтар. Құрметке лайық азаматтар. Ақорда да бар сән-салтанатымен қарсы алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кез келген халықтың табысқа жетуі азаматтарына байланысты. Бұл – өмірдің заңы. Адам капиталы мықты мемлекет барлық қиындықты еңсере алады. Тәуелсіздік кезеңінде халқымыз елдіктің бірегей үлгісін көрсетті. «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтылмаған. Шын мәнінде, біздің бүгінгі жетістігіміз – барша халқымыздың ортақ жеңісі.

30 жылда оң істер де, сын-қатерлер де, қателіктер де болды. Дегенмен, мереке алдында берекелі дүние көбірек айтылды. Президент экономиканы, әлеуметтік саланы жаңғырту, оның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, қаржы секторындағы жетістіктерді атап өтті. Мемлекеттік басқару жүйесі мен қоғамдық-саяси өмірде де өзгеріс бар. Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған реформалар жүзеге асып жатыр. Биыл ауыл әкімдерін халық өзі сайлады. Енді құқыққорғау саласы жаңғыртылмақ. Мерейлі датаны нақты істермен атап өтуге басымдық берген Президент жылды осылай қорытындылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осыдан бір жыл бұрын мен үлкен мерейтойды шусыз, даңғазасыз, ысырапсыз нақты жұмыстармен атап өту қажеттігі туралы айттым. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында жаңа, ауқымды реформалар қолға алынды. Сондықтан, бұл жылды нәтижелі болды деуге толық негіз бар. Біз экономиканы және әлеуметтік саланы жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Індетке қарамастан, мемлекет отандық бизнеске қолдау көрсетуде.

Бұдан соң президент Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік наградаға ие болған азаматтарды құттықтап, әрқайсысын өзі марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл еліміздің ең жоғарғы атағы көрнекті жазушы, драматург Әкім Таразиға берілді. Ол руханиятымызды дамытуға және қоғамдық келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосып, «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Көрнекті қаламгердің шығармашылық жолы - жас ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге.

«Алтын жұлдыз» алған алтын адамның қол бұлғаған сәті де бағалы. Дәл осындай жоғарғы мемлекеттік сыймен марапатталған тағы бір азамат – дәрігер Мұхтар Төлетаев.

Мұхтар Төлетаев, Онкология орталығының бас дәрігері (Нұр-Сұлтан қ.):

Бұл марапат – бүкіл медицина қызметкерлерінің елеулі еңбегінің бағасы деп санаймын. сіздің денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлу арқылы елімізде көптеген шаралар іске асып жатыр. Медицина қызметкерлерінің айлығы өсті. Індетпен күрескен қызметкерлерге қосымша төлем төленді.

Індетпен күресте қорғаныс шебінде тұрған вирусологтар да назардан тыс қалмады. Осы жылы есімі жиі аталған Күнсұлу Закарья Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы сыйлыққа ие болды. 63 жылдық тарихы бар институт ғалымдары бүгінге дейін мемлекеттік марапат алмапты. Сондықтан Күнсұлу Закарья мұны «ғылымға құрмет» деп бағалап отыр. Ал «ең басты жеңіс» «Казвак»-ты әлем мойындағанда болмақ.

Күнсұлу Закарья, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры (Жамбыл облысы):

«Казвак» - Қазақстанның ең алғаш ДДСҰ-да тіркеліп жатқан вакцинамыз. Сондықтан да бұл процесс оңай және тез болмайды. Дегенмен, ол үшін бүкіл үкімет жұмыс атқаруда. СІМ үлкен көмек көрсетіп отыр. Бұйырса, бұл вакцинаны тіркейміз.

Мәртебесімен қоса жалақысы өскен мұғалімдер де марқайып қалды. Биыл «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы енгізілген еді. Наурызда 20 ұстаз марапатталса, бүгін президент қолынан жоғары сыйды атыраулық мұғалім алды.

Дәріжан Төреханова, «Кіші өнер академиясы» дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп мұғалімі (атырау облысы):

Қазір ұстаздың еңбегін бағалау, осындай Ақорданың төрінде құрмет көрсету елдіктің белгісі деп ойлаймын. Бәріңіз білесіздер, соңғы жылдары мұғалімдерге көп көңіл бөлініп жатыр, жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Мұндай қолдау бізге күш-қуат береді.

Құрмет пен қолдауға ие болғандардың бірі – тепловоз машинисі Сақтай Қасенов. Марапаттан кейінгі сезімін бізден жасыра алмады.

Сақтай Қасенов, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ тепловоз машинисі (Павлодар облысы):

Жүрегім қағып тұр. Сенбеймін әлі, рас па, өтірік пе? Біреу шымшып алсын. Тәуелсіздікке 30 жыл. Құттықтаймын. Барлығына денсаулық тілеймін. Жұмыс істей берейік, біздің шойын жол жүре берсін!

Ғұмырының басым бөлігін мемлекеттік қызметке арнаған Нұртай Абықаев, Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері Болат Баекенов, қазақ киносының ақсақалы Нұржұман Ыхтымбаев, ел мақтанышы - жас шахматшы Жансая Әбдумәлік. Жоғары марапатқа жас та, жасамыс та ие болды. Жалпы алғанда, Ақордада 64 адамға президенттің өзі құрмет көрсетті. Өйткені егемендіктің де, елдіктің де басты тірегі – әр саланың басын ұстаған осындай еңбек адамдары. Ал Әкім Тарази, Ақұштап Бақтыгереева сияқты ақын-жазушылар рухани тұғырымызды нығыздайды.

Ақ сөйлеп, адал күлу – сертім бүгін, жырладым әйел, ана дертін-мұңын. Тілеймін ұлы далам, тыныштығын, сол дала ұрпағының еркіндігін. Еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығы құтты болсын, ұрпақ аман болсын!

Альбина Әшім


Хабарламаларға жазылу