Бір аптада көлікті мас күйінде басқарған 728 адам ұсталды. 5-11 желтоқсан аралығында республика көлемінде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оған ел бойынша 17 мың полиция қызметкері жұмылдырылған. Осылайша 89 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. 3869 жүргізуші жылдамдықты асырған. Ал 17 715 адамға жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін әкімшілік айыппұл салынған.
Бұдан басқа іздеуде жүрген 125 қылмыскер ұсталды. 774 адам суық қару алып жүргені үшін жауапқа тартылды. Өткен аптада 3211 қылмыстық оқиға ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 11 кісі өлтіру дерегін, өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің 6 фактісін ашты.