Өзбекстан президентінің Қазақстанға сапары: Қос мемлекет 16 құжатқа қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстан президентінің Қазақстанға сапары: Қос мемлекет 16 құжатқа қол қойды

12.12.2021

Әріптесін Президент өзі қарсы алды. «Өзбек өз ағам» дейтін қазақ пен «жолдасың қазақ болса, жолдан адаспайсың» дейтін өзбектің ізгі ниеті - бауырлас елдердің бір-біріне деген көзқарасын айшықтап тұрғандай. Шавкат Мирзиеевтің сайлаудан кейін алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстанға жасауы - ала шапанды ағайынның алашқа деген ерекше көңілін көрсетсе керек.

Қазақстан мен Өзбекстан - Орталық Азиядағы ең ірі мемлекеттер. Олар аймақтық экономиканың 80 пайызын құрайды. Сондай-ақ, қос елге өңірлік сауданың 70 пайызы тиесілі. Сол себепті көршілердің қарым-қатынасы тұтас өңір үшін аса маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз сіздің сапарыңызға үлкен мән беріп отырмыз. Шын мәнінде алға қойып отырған мақсаттарымыз ауқымды. Үкіметтеріміз белсенді жұмыс істеуі керек. Біз бірқатар келісімге қол қоямыз. Одақтас қарым-қатынас жөніндегі декларацияға қол қоямыз. Бұл құжат екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге апармақшы. Сондықтан сіздің сапарыңыз өте жемісті, сәтті боларына ешқандай күмән жоқ. Кәміл сенеміз.

Шавкат Мирзиеев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

Менің сапарым Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр. Мұның символдық мәні бар деп ойлаймын. Елдеріміз арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан достық қарым-қатынастар мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға зор септігін тигізетініне сенімдімін.

Пандемияға қарамастан қазақ пен өзбектің саудасы қызып тұр. Биылғы 10 айда алыс-беріс 30 пайызға артып, 3,2 млрд доллардан асқан. Жыл соңына дейін 4 миллиардты шамалап қалады. Дегенмен бұл шекті меже емес. Қос мемлекет сауда-саттықты таяу жылдары 10 миллиард долларға жеткізуге уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз жуық арада сауда айналымының көлемін 5 миллиард долларға, ал одан кейін 10 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойдық. Пікір алмасу нәтижесінде бұл қол жеткізуге болатын мақсат деген тұжырымға келдік. Әрине, атқарушы органдар, ең алдымен, Үкіметтеріміз осы мақсатқа жету үшін тиісті жұмыстарды жүргізуге тиіс.

Бұрнағы жылдары Өзбекстан көрші елдермен жабықтау саясат жүргізіп, аймақтық интеграциялық ұйымдарға «томсырая» қарап келген еді. Дегенмен билікке Шавкат Мирзиеев келгелі мемлекеттің көзқарасы өзгерді. Мұны кезінде Өзбекстанда ірі нан комбинатын басқарып, сол елдің қаржы министрлігінде жұмыс істеген экономист Сапар Жобаев та растап отыр. Оның сөзінше, тараптар жүйелі жұмыс жүргізсе сауда айналымын 11-12 миллиардқа дейін жеткізуге мүмкіндік бар.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Біріншіден, Өзбекстанда мұнай жоқ. Аз өте. Оларда өте үлкен екі мұнай өңдеуші зауыт бар - Бұқара, Ферғана. Соған Қазақстан өте көп мұнай сатуы мүмкін. Әзірге олар сол мұнайды Ресейден, басқа елдерден алып жатыр. Сосын Өзбекстан өзге елдерден өте көп жанармай алады. Неге соны Қазақстанның зауыттары бермеске? Екіншіден, Өзбекстанда бидай аз. Сондықтан оларға өсімдік майы, ет, ұн, бидай ол бізден баруы керек.

Ал өзбек елінен біз дәстүрлі жеміс-жидектен өзге техника ала аламыз. Қазақстан нарығында танымал «Шевроле» көліктерімен қатар көршімізде ауыл шаруашылығы және тұрмыстық техникалар шығарылады. Дегенмен сауда-саттықты дамытуға кедергі болып отырған жайттар аз емес.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Өзбекстан дүниежүзілік сауда ұйымына да мүше емес. Сондықтан олардағы кедендік төлемдер мен қосымша құн салығы біздің заттарымызға өте үлкен. Ал ол Өзбекстан адамдарына біздің арзан заттарымызды сатып алуға мүмкіндік бермейді. Тиімді емес. Мен бір мысал айтайын, 16,17 жылдарда еркін ашып жіберді. Болды, Өзбекстанда Үкімет өзгерді, енді жақсы өмір сүреміз, қалаған нәрселеріңді кез келген жерден сатып ала беріңдер деді.

Қалай дегенмен де соңғы жылдары бірлескен кәсіпорындардың саны өсіп келеді. Ауыл шаруашылығы техникалары, жүк және қоғамдық көліктерді шығару және сату жөніндегі жобалар іске қосылды. Келіссөздер қорытындысы бойынша қос мемлекет 16 құжатқа қол қойды. Азық-түлік, көлік құрастыру, құрылыс салаларын қамтиды. Халықаралық «Орталық Азия» деген өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жоспары бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елдеріміз Орталық Азия аймағын азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, бүкіл Еуразиялық кеңістіктегі азық-түлік қауіпсіздігіне кепіл болуға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешеніндегі әлеуетіміз әлі біткен жоқ. Қазақстан ет, көкөніс және жеміс-жидек өнімдерін терең өңдеу жөніндегі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайын. Өнеркәсіптік кооперацияны күшейту серіктестігіміздің қозғаушы күштерінің бірі болады деп келістік.

Ал келісімдердің саяси сипатына келсек, Қазақстан мен Өзбекстан мемлекетаралық қатынастардың мәртебесін одақтастық деңгейіне көтеру жөнінде шешім қабылдады. Одақтастық туралы декларацияға қол қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әрине, одақтастық қатынастар мемлекеттерімізге ерекше міндет жүктейді. Мен мемлекетаралық кеңес құру жөнінде ұсыныс айттым. Осы кеңес аясында біз қажетсіз ресмиліктен тыс, іскерлік негізде жиі бас қоса аламыз.

Шавкат Мирзиеев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

Елдеріміз арасында орнатылған жақын әрі бауырластық байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Жаңа ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтарымыздың осы сапарға ризашылық танытып жатқанын айтты. Шын мәнінде, шекара маңындағы екі елдің тұрғындары қатты қуанады. Себебі біз жиі кездескен сайын өзара қатынастарымыз жақсара түседі. 

Өзара ықпалдастық дамыған сайын бұл аймақтық интеграцияға серпін берері хақ. Бүгінде тұтас әлем үлгі тұтқан Еуропа Одағы кезінде Германия мен Францияның осындай ынтымақтастығынан басталған еді. Алайда Орталық Азиядағы екі алыптың жақындасуын ұнатпайтындар «от жағуы» мүмкін дейді сарапшылар.

Жұмабек Сарабек, саясаттанушы:

Сыртқы ойыншылар үшін олардың қатты қызығушылығы жоқ. Аймақтағы ірі мемлекеттердің бірігуіне немесе аймақтағы интеграцияның дамуына Қытай да, Ресей де аса қатты мүдделі емес. Оларға бұл қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан Ташкент болсын, Нұр-Сұлтан болсын алдағы уақытта екі мемлекет арасындағы бәсекелестікті қозғауы мүмкін. Әртүрлі провокациялар арқылы.

Қос президенттің бір-біріне ерекше ілтипаты аңғарылып тұрды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шавхат Мирзиеевті әуежайдан өзі күтіп алып, ерекше құрмет көрсеткенін баяндадық. Ал әңгіме арасында бейресми кездесулерді жиі өткізу қажет деген сөздер жиі айтылды.

Жұмабек Сарабек, саясаттанушы:

Өзбек пен қазақ президентінің арасында жеке химияның болуы меніңше бұл тек қолдайтын нәрсе. Себебі көптеген мәселелер экономика болсын, қауіпсіздік саласында егер бір саяси ерік-жігер болмайынша, саяси бір-біріне қолдау көрсетпейінше, ешқандай іс баспайды. 

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу