Мемлекет басшысы: Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы қағазбастылықты жою керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы: Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы қағазбастылықты жою керек

10.12.2021

Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы кедергілер мен қағазбастылықтарды жою керек. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Онлайн өткен жиында кеңестің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та сөз сөйледі. Атап өтерлігі, бақылаушы ретінде бұл жолы Куба басшысымен қоса Өзбекстан президенті де қатысты.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті

Пандемия мен оның салдары. Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысының басты тақырыбы осы. Соңғы екі жылда күн тәртібінен түспеген мәселе бүгінгі жиында да сөз болды. Дегенмен Одаққа мүше елдер арасында алыс-беріс жаман емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биылғы 9 айда өзара сауда-саттық көлемі 32,5 пайызға артып, 52 миллиард долларға жетті. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен 16,5 пайызға жоғары. Одаққа мүше елдер арасындағы экспорт көлемі ұлғайды. Мысалы, Қазақстан экспортының өсім көлемі 39 пайыз болды. Салыстырмалы түрде алғанда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа да елдердегі экспорт көлемі артқан.

Дегенмен кедергілер әлі де аз емес. Қасым-Жомарт Тоқаев Одақ қалыптасып қалған кертартпа тәртіп пен қағазбастылықтан арыла алмай отырғанын атап өтті. Кейде комиссия отырысында күн тәртібіне енбеген, мүше мемлекеттердің, оның ішінде Қазақстанның мүддесі ескерілмеген құжаттар қабылданып кететінін сынға алды. Бұл мәселеге Одақты құруға ұсыныс білдірген Нұрсұлтан Назарбаев та алаңдаушылық білдірді. Ол елдерді жұмысты тежемей, интеграцияны кеңейтуге шақырды. «Үлкен Еуразия» экономикалық форумын құрып, ЕуроОдақ, ШЫҰ, Түркі мемлекеттерінің ұйымы сияқты бірлестіктермен қатынасты нығайтуды ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

Қазіргі уақытта ЕЭО мемлекеттерінің экономикалық белсенділігін арттыру бойынша жұмысты күшейту керек. Жаһандық сенімсіздік дағдарысы мен геосаяси жағдай ушыққан заманда одағымызды нығайтып, жаңа қатысушылар мен өзге бірлестіктермен байланысты бекемдеу керек. Тараптардың келісілген іс-әрекеті ғана экономикамызды ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанды Одаққа бақылаушы ел ретінде қосылуымен құттықтады. Ал Әзербайжанды ала шапанды ағайыннан үлгі алуға шақырды. Иә, Әзербайжан мен Армения арасындағы кикілжің шешілді. Енді экономикалық бағытта тиімді жұмыс істеу керек. Қазақстан биыл Одаққа төрағалық еткендіктен, Қасым-Жомарт Тоқаев жылды қорытындылады. Біздің мемлекет өнеркәсіптік кооперацияны күшейту, өзара саудадағы кедергілерді жою, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру сияқты бес бағыт бойынша ауқымды жұмыс атқарған. Қазақстанның төрағалығы табысты болғанын Ресей президенті растап отыр. Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа тынымсыз еңбегі үшін алғыс айтты. Нұрсұлтан Назарбаевтың өлшеусіз үлесін де атап айтты.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Ерекше атап өткім келетіні: Қазақстан Президенті бұл Одақтың жұмысына өзі баса мән беріп, қалай жұмыс істегенін көрдім. Пандемия, онымен байланысты күрделі жағдай, жаһандық нарықтағы тұрақсыздық сияқты түйткілдерге қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақтағы ынтымақтастық жемісті болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев біздің бірлестікті құру туралы қалай ұсыныс тастағаны әлі есімде. Телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстанның алған бағытын айқындап берді. Осылайша Қазақстан үшін де, Ресей үшін де интеграциялық байланыс орнатуға басымдық беру туралы келістік.

Карантиндік шектеулер цифрлық өнім мен электронды қызметке сұранысты арттырды. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік машина жасау нарығында микрочиптер мен компьютерлік құралдардың тапшылығына қатысты жүйе жиі істен шығатынына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осыған байланысты үкіметтерімізге ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыра отырып, машина жасау саласы үшін микрочиптер мен компьютерлік құралдар шығару жөніндегі бірлескен кооперациялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін пысықтауды тапсыру ұсынылады. Кәсіпорындарымыздың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өндірістік база құру қажет, ал содан кейін экспортты жолға қоюға болады.

Президент «жүрдек» трансқұрлықтық дәліздерді ретке келтіру және олардың өңірлік және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. Бұл орайда Қазақстан Одаққа мүше елдердің тауар өткізу жүйесін қалыптастыруға мүдделі. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Еуразиялық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясын іске асырыла бастағанын еске салып, осы құжаттың ережелерін қатаң сақтауға үндеді. Осылайша Қазақстан Одақ органдарына төрағалығын аяқтап, келер жылы бұл міндетті Қырғызстан атқармақ.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу