Бүгін Үкіметте елдің 11 айдағы экономикалық әлеуметтік дамуының көрсеткіші қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Үкіметте елдің 11 айдағы экономикалық әлеуметтік дамуының көрсеткіші қаралды

09.12.2021

Жыл басынан бері өңдеу өнеркәсібі 5,2 пайызға өскен. Бүгін Үкіметте елдің 11 айдағы экономикалық әлеуметтік дамуының көрсеткіштері қаралды. Премьер-Министрдің айтуынша, ел экономикасы пандемия жағдайына сәтті бейімделді. Және өсім көрсетіп отыр. Мәселен, 11 айда жалпы ішкі өнім 3,8 пайызға көтерілген. Әрі барлық салада дерлік алға жылжу бар. Өндіріс қарқыны да біртіндеп артып келеді деді Премьер. Ал сыртқы сауда айналымы 82 миллиард доллардан асып, құрылысқа құйылған инвестиция екі есе көбейген.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

Байланыс, сауда және көлік қызметтеріндегі жоғары қарқын есебінен өсім 3,9 пайызға жылдамдады. Құрылыс саласы да сенімді дамып келеді. Саладағы өсім 6,8 пайыз. Министрліктер мен әкімдіктерге жылдың соңына дейін барлық жоспарлы көрсеткіштің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын.

Сондай-ақ, Үкіметте Ұлттық банк төрағасы төл ақшамыздың неліктен әлсірегенін түсіндірді. Ерболат Досаевтың айтуынша, коронавирустың жаңа штамы туралы хабарлар қаржы нарығына кері әсер еткен. Тіпті қара алтын бағасы да 65 долларға дейін арзандап кеткені белгілі. Бұл Қазақстан секілді дамушы елдердің валютасын әлсіретіп жіберді дейді бас банкир. Бағамның бірден құлдырауына жол бермеу үшін Ұлттық банк 239 миллион АҚШ долларына интервенция жасағаны белгілі.


Хабарламаларға жазылу