Кәсіби білімі жоқ атыраулық суретші ауылында галерея ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіби білімі жоқ атыраулық суретші ауылында галерея ашты

08.12.2021

Атырау облысындағы Бөдене ауылында еліміздегі өзге елді мекендерде кездесе қоймайтын ерекше сурет галереясы бар. Аядай ғана мәдениет ошағын кәсіби білімі жоқ қылқалам шебері Тілек Халин ашқан. Табиғи дарынның туындылары ауыл халқына рухани азық сыйлап келеді. Өнер иесінің еңбегі әлемдік деңгейде де жоғары бағаланып жүр.

70 жастан асқан суретшінің бекзат өнері ауылдың қоңырқай тірлігімен біте қайнасып жатыр. Қылқаламды бала күнінен серік еткен. Шабытты дархан даладан алады. Арнайы білімі жоқ. Бірақ, жас күнінде талаптанып, Мәскеудегі өнер институтын 2 жыл пошта арқылы қашықтан оқыған. Кейін, мектепте бейнелеуден сабақ берген. Жүздеген картинаны өмірге әкелді. Туындылары талайдың таңдайын қақтырып жүр.

Тілек Халин, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

Ауыл деп айтпау керек. Ол – Ұлы дала. Мен Ұлы даланың рухымен жұмыс жасаймын, мүмкін. Шеберханам жоқ. Шалқайып отырып, жұмыс жасап көрген жоқпын. Бәрін үй жағдайында жасадым. Соның өзінде бірталай туынды шығардым. 

Ауыл халқы үшін ашылған галереяның жұмыс істеп тұрғанына 5 жылға жуықтады. Шығармашылық орталыққа түрлі жанрды қамтитын ірілі-ұсақты 70-тен астам туынды қойылған.

Роза Сатаева, Бөдене ауылының тұрғыны:

«Талөткел» деген мынау ауылымыздың тоғай жағындағы жері. Өте керемет бейнеленген. Ағайдың жалпы табиғат туралы жанрлары, туындыларын жақсы бағалаймын.Ауыл тұрғындары ағайдың өнеріне тәнті.

Тілек Халин толғауы терең тарихты қағаз бетіне түсіргенді жақсы көреді. Ақындық өнері де бар. Бүгінге дейін 5 өлең кітабы жарыққа шықты. Еңбегі бағаланып, Мәскеуде өткен Бүкілодақтық шығармашылық конкурстың лауреаты атанды. Махамбет атындағы сыйлыққа да ие болды.

Туындылары Түркия, Италия, Германия асқан. Жақында «Өкініш» деп аталатын картинаны салып бітірді. Онда Махамбет батырды бейнелеген.

Тілек Халин, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

Мұнда енді батырдың қандай күйзелісте жүргені, көңіл – күйі. Соны беруге тырыстым. Көзіне қарасаңыз болды. Көзінде батырдың мұңы. Ішқұса боп жүрген кезі ғой.

Суретші Тәуелсіздік мерекесіне орай ауыл халқының назарына «Қазақия рухы» деген туындысын ұсынғалы отыр. Өнер иесінің басты арманы – дарынымен өзі туған ауылды әлемге таныту. Ол үшін қазіргі галереяның заңдастырылғанын қалайды. Әрі кең жер бұйырса дейді. Өйткені, оның әлі де тасада қалып, шаң басып жатқан ғажап туындылары жетерлік.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу