Екібастұзда жаңа ферроқорытпа зауытының құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда жаңа ферроқорытпа зауытының құрылысы басталды

08.12.2021

Экібастұзда жаңа ферроқорытпа зауытының құрылысы басталды. Жаңа нысан жылына 240 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы болмақ. Әрі құрылыс барысында өңірдегі 1500-нан астам азаматты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек. Раушан Сайлауқызы толығырақ.

Металлургия саласындағы серпінді жаңалық. Темір мен кремнийдің балқытылған қосындысын шығаратын алып өндіріс ошағы салынады. Жобаны "Бәйтерек" холдингінің құрылымы Қазақстан даму банкі қаржыландырады. Инвесторлардың да демеуі бар. Жалпы құны 92,2 млрд теңге.

Ерлан Нығматулин, «Еkibastuzferroalloys» ЖШС акционері:

Кәсіпорын Екібастұз өңірін жаңғыртуда стратегиялық маңызға ие. Жаңа зауыттың өнімі барлық әлемдік стандартқа сай. Біздің алдағы мақсатымыз - экспорт көлемінің географиясын ұлғайтып, 52 елге жеткізу,.

Жуырда бұл өңірге іс-сапармен барған ел Президенті моноқалаларды дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берген еді. Соның аясында сәтті жүзеге асқан инвестициялық жоба .

Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:

Жоба облыс үшін де, еліміз үшін де әлеуметтік-экономикалық жағынан маңызды. 1500 уақытша және 800 тұрақты орын құрылады.

Ферросилицийді келешекте Еуропа, оңтүстік-шығыс Азия, Оңтүстік Америка нарығына шығару көзделген. Қазірдің өзінде бірқатар келісімдерге қол қойылды.

Давид Кемертелидзе, «Еkibastuzferroalloys» ЖШС акционері:

Жаһанда бұл салаға сұраныс жоғары. Сондықтан біз бұл бағытты өте перспективалы деп санаймыз. Екібастұздағы кадрлық ресурстың болуы – жобаның сәтті жүзеге асуының кепілі. Зауыт экологиялық тазалықты барынша қамтамасыз етеді.

Абай Сарқұлов, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ Басқарма төрағасы:

Осы жұмыстар үш ай ішінде атқарылды. Құжаттарды дайындау, банк тарапынан өткізу шаралары тез арада тәмамдалды.

Нысанның технологиялық мүмкіндігі заманауи стандартқа сай. Толық автоматтандырылған зауыттың құрылысы 2023 жылы аяқталады. Яғни екі жылдан соң кәсіпорын алғашқы өнімдерін шығара бастайды

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу