«30 жыл 30 есім» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«30 жыл 30 есім» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды

06.12.2021

«30 жыл 30 есім». ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұйымдастырған ұлттық байқаудың жеңімпаздары анықталды. Телевизиялық жүлде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай соңғы 30 жылда әр салада жетістікке жеткен бірегей тұлғаларға табысталды.  

Сарапшылардан құралған арнайы комиссия іріктеуімен еліміздің бірқатар саласында табысты еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар таңдалды. Комиссия шешімімен екінші кезеңге өткен үміткерлер «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ресми сайтында жүргізілген жалпыхалықтық дауыс беруге қатысты.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:

Оларды Ұлттық арнаның көрермені таңдады. Ұлттық арнаның ресми сайты арқылы дауыс беруге бір аптаның ішінде миллионға жуық көрермен қатысты.

Дауыс беру қорытындысы бойынша өз саланың нағыз мамандары ұлттық жүлде иегерлері атанды. Үздіктердің қатарында «Берел» қорымдарынан «Алтын адамды» тапқан археолог Зейнолла Самашев пен Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев та бар.

Асқар Жұмаділдаев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА академигі:

Халықтың ықыласы деп білдім, халықтың ғылымға деген құрметі деп білдім. Қазақтың ертеңі жарқын болсын, болашағы анық болсын, ғылымға, білімге құмар жастар көбейе берсін!

30 жылда медицина саласы қарқынды дамып, білікті, білімді мамандардың қалыптасқаны рас. Дауыс бергендер елімізде тұңғыш рет қан айналымының қосалқы құрылғыларын имплантациялау, донорлық жүректі және өкпені трансплантациялау сияқты бірқатар күрделі оталарды сәтті жүзеге асырған кардиохирург Юрий Пяны аталмыш саланың үздігі деп таныды.

Шара барысында спорт майталмандары да ұлықталды. Әрқайсысы елдің намысын әлемдік ареналарда қорғап, көк байрағымызды асқақтатқан өз саланың мықтылары.

Илья Ильин, ауыр атлетикадан әлемнің 4 дүркін чемпионы:

Маған қолдау көрсеткен жанкүйерлеріме,  Қазақстан халқына алғыс айтамын. Біздің спорттағы жолымызды бағалап, құрметтеп жатқандарыңызға рахмет! 

Жеңімпаздар сондай-ақ білім, ауыл шаруашылығы, мәдениет, кино, дәстүрлі өнер сияқты барлығы 10 аталым бойынша марапатталды. Халық таңдаған үздіктер артылған сенім мен жауапкершіліктің ауыр екенін біледі. Айта кетейік, шараның телевизиялық нұсқасы 16 желтоқсан сағат 12:00-де Ұлттық арна эфирінен шығады.

Алла Гаврина

Хабарламаларға жазылу