Қазақстан және Өзбекстан Президенттерінің қатысуымен 15 құжатқа қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан және Өзбекстан Президенттерінің қатысуымен 15 құжатқа қол қойылды

06.12.2021

Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері арасындағы сауда айналымы биыл 30 пайызға артып, 3 миллиардан асты. Келешекте бұл көрсеткішті 10 млрдқа жеткізу жоспарланып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президент Шавкат Мирзиеев ресми делегация мүшелерінің қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде өзара тауар айналымын арттыру мәселесіне ерекше тоқталды. Бұдан бөлек инвестиция тарту және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік салалары бойынша кооперацияны дамыту мәселелеріне баса мән берді. Сондай-ақ су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастық мәселесі талқыланды.

Қазақ пен өзбектің туыстығы тереңнен тамыр тартады. «Өзбек - өз ағам» деген қазақ пен «Қазақтан жолдасың болса, жолдан адаспайсың» деген өзбектің ізгі тілек-ниеті бауырлас елдердің бір-біріне деген көзқарасын айшықтап тұрғандай. Шавкат Мирзиеевтің сайлаудан кейін бірден Қазақстанға бет бұруы да елдердің қазіргі байланысы жоғары деңгейде екенін айғақтайды. Мәртебелі мейманға Ақорда жоғары сый-құрмет көрсетті.

Президенттер әуелі екеуара әңгіме айтып, шағын құрамда келіссөз өткізді. Қазақстан мен Өзбекстан басшылары стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелерін талқыға салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


Шавкат Мирзиеев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

Менің сапарым - Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр. Мұның символдық мәні бар деп ойлаймын. Елдеріміз арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан достық қарым-қатынастар мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға зор септігін тигізетініне сенімдімін.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көпжақты байланыс қарқынды дамып келе жатыр. Халықаралық саяси алаңдағы ұстанымдарымыз да ортақ. Енді тараптар алыс-берісті тіпті үш есеге дейін көбейтіп, сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізуге уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда теңдессіз ілгерілеу бар. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 30 пайызға артып, 3 миллиард доллардан асты. Біз жуық арада сауда айналымының көлемін 5 миллиард долларға, ал одан кейін 10 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойдық. Пікіралмасу нәтижесінде бұл қол жеткізуге болатын мақсат деген тұжырымға келдік. Әрине атқарушы органдар ең алдымен үкіметтеріміз осы мақсатқа жету үшін тиісті жұмыстарды жүргізуге тиіс.

Мызғымас дос, тату көрші әрі стратегиялық серіктес. Бұл - қазақ-өзбек қарым-қатынасының бүгінгі кейпі. Президенттер мемлекетаралық қатынастардың мәртебесін одан сайын жоғарылатып, одақтастық деңгейіне дейін көтеру жөнінде шешім қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әрине одақтастық қатынастар мемлекеттерімізге ерекше міндет жүктейді. Мен мемлекетаралық кеңес құру жөнінде ұсыныс айттым. Осы кеңес аясында біз қажетсіз ресмиліктен тыс іскерлік негізде жиі бас қоса аламыз.

Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев келіссөздің мазмұнды болғанын атап өтіп, екі ел арасындағы сауда айналымының рекордтық деңгейге жеткенін және бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асырылып отырғанын айтты.

Шавкат Мирзиеев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

Біз көпқырлы ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері бойынша мүдделеріміз бен ұстанымдарымыздың ортақ екенін тағы да дәлелдедік. Елдеріміз арасында орнатылған жақын әрі бауырластық байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Жаңа ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтарымыздың осы сапарға ризашылық танытып жатқанын айтты. Шын мәнінде, шекара маңындағы екі елдің де тұрғындары қатты қуанады. Себебі біз жиі кездескен сайын өзара қатынастарымыз жақсара түседі. Машина жасау, энергетика, электротехника, химия, жеңіл өнеркәсіп, банктер және басқа да салардағы кооперация бойынша сәтті шыққан жобаларымыз бар

Соңғы жылдары бірлескен өндірістердің қарқынды дамып келе жатқаны байқалады. Қос ел кәсіпкерлері ортақтасып Қазақстанда «Chevrolet» автокөлігін шығаратын кәсіпорынын іске қосты. Жеңіл автокөліктерді сатумен айналысатын «Hyundai Auto Asia» мекемесі табысты жұмыс істеп жатыр. Ауыл шаруашылығы техникаларын және жүк көлігін, сондай-ақ автобустарды шығару және сату жөніндегі жобалар іске қосылды. Ендігі жоспар бұдан да ауқымды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз бірқатар іргелі жобаны іске қосуға уағдаластық. Аталған жобалар мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға бағытталған және екі елдің де азаматтарына әлеуметтік қолдау көрсету ісіне қомақты үлес қосады. Мысалы, «Қазфосфат» компаниясы Ташкент облысында құны шамамен 1 миллиард доллар болатын фосфорлы және кешенді тыңайтқыштар шығаратын зауыттың құрылысына қызығушылық білдірді. Қазақстандық «BI group» ірі құрылыс компаниясы Ташкентте жеке ықшамауданның құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Осы мақсатпен 1,2 миллиард доллар қаржы салмақ. Еліміздің автомобиль өнеркәсібіндегі көшбасшы «Astana-Motors» компаниясы Өзбекстанда «Hyundai» автокөлігін өндіретін кәсіпорын ашуға дайын. 

Қазақстан мен Өзбекстан Еуразиядағы маңызды сауда-көлік дәліздерінің тоғысында орналасқан. Туристік әлеуетіміз де жоғары. Президенттер Түркістан-Шымкент-Ташкент бағытындағы теміржолды тездетіп соғу керек деген пікірлерін білдірді. Өзге де жобалар жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз бүгін «Үшқұдық-Қызылорда» теміржол желісінің құрылысы туралы мәселені жан-жақты талқылап, алдын ала келісім жасадық. Екіжақты сауда-экономикалық мәселелерді ілгерілету үшін президенттердің арнаулы өкілдерін тағайындадық. 

 Орталық Азия үшін су - өзекті мәселе. Трансшекаралық өзендердің суын тиімді әрі үнемді пайдалану қажет. Тараптар осы бағыттағы үйлесімді жұмысты жалғастыруға келісті. Бұл - аса маңызды міндет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Aймақтағы және әлемдегі су шаруашылығының жағдайы туралы көңіл көншітпейтін болжамдар жасалып жатқанда біз жағымсыз сценарийлерді болдырмау үшін батыл шаралар қабылдау қажет деген ортақ пікірге келдік. Су шаруашылығы мәселесінің аса маңызды екенін ескере отырып, біз келіссөздер үдерісін Премьер-Министрлер деңгейіне көтеруіміз керек. Сондай-ақ жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді қолдану саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін қарастырдық. 

Шавкат Мирзиеевтің сапары аясында елордада Өзбекстанның жаңадан бой көтерген елшілігінің ғимараты ашылды. Еңселі мекеме екі елді одан сайын етене жақындастырарына сенім мол.

Бұдан бөлек елорадада ұлы ақын Әлішер Науаидің еңселі ескерткіші бой көтереді. Бұл бауырлас елге деген Қазақстанның шағын тартуы болмақ. Сондай ақ мәдениет пен білім саласындағы байланысты бекемдеу көзделіп отыр. Өзбектің жас өрендеріне Қазақстанның университтерінде оқуға мүмкіндік жасалмақ. Жалпы келіссөздер қорытындысы бойынша инвестиция тарту, халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын құру, сауда-саттықты дамыту, энергетика саласы бойынша 15 құжатқа қол қойылды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу